- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат жалақысы
Мәжілісмен Сабильяновтың айлығы қанша?
Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов келер жылы зейнетке шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы Massaget-тің youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
"2023 жылы 19 наурызда Парламент сайлауында Абай облысы халқының қолдауымен бірмандатты округтен депутаттыққа сайландым. Ол кезде 61 жаста болдым. Ендігі жылы 63 жасқа толамын. Бірақ сайланған депутат өзіне берілген мерзімнің аяқталғанына дейін жұмыс істеуге толық құқылы. Сондықтан менің мерзімім біткен кезде халыққа рақмет айтамын да, келесі сайлауға түспеймін", - деді депутат.
Халық қалаулысы зейнетке шыққаннан кейін қандай жоспары барын айтты.
"Депутаттықтан кейінгі өмірге өз жоспарым бар. Жалпы мен өмір бойы жұмыс істеп үйренген адаммын ғой. Ауылда мектеп бітіргеннен кейін комсомол жастар бригадасында қой баққанбыз. Сондықтан еңбектен арланбаймыз. Зейнетке шыққан соң бизнес және басқа да салаларда жұмыс істеймін. Тағы бір ойым, оқу орындарында жастарға қаншама жылдық тәжірибеммен бөліссем деймін. Оларды билікке қалай келу керек, сайлауға қалай қатысу керек екенін үйретуге дайынмын", - дейді ол.
Нұртай Сабильяновтың депутаттық мандатты аяқтаған кезде мәжілісмен ретіндегі тәжірибесі 20 жылдан асады.
Сонымен қатар халық қалаулысы сұхбат кезінде Мәжіліс депутаттарының жалақысы қанша екенін де айтты.
"Депутаттардың жалақысы бірдей. Комитеттің төрағасы ретінде қолға 850 мың теңге аламын", - деді Сабильянов.
Айта кетейік, депутат Massaget-тің youtube арнасына сұхбат беріп, онда бюджет тапшылығы, банктердің табысы және ұлттық қор, мемлекеттің сыртқы қарызы туралы пікір білдірген болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
E. Aitkazina