Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Каспийдегі экологиялық проблемалар күрделі екенін мәлімдеді. Ол депутаттық сауалында теңіз деңгейі айтарлықтай төмендегенін және оның биоәртүрлілігі құртылып бара жатқанын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Улы химикаттардың қалдықтары мен мұнай төгілуі судың ластануына әкеп соғады. Бұл жануарлардың иммунитетін әлсіретіп, ауруға төзімділігін жояды. Салдарынан Каспий итбалықтарының саны бір миллионнан жүз мыңға дейін қысқарды. Кейінгі 40 жылда бекіре тұқымдас балықтардың саны әртүрлі себеппен 90 пайызға қысқарды. Қарқынды өнеркәсіп, мұнай төгілуі, сондай-ақ, бұрғылау платформалары мен мұнай тасымалдайтын кемелердің жұмысы уылдырық шашатын жерлерде бекіре тұқымдас балықтар көбеюіне кедергі жасайды, осы жағдай балықтың бұл түріне қауіп төндіреді", - деді Пономарев.
Оның айтуынша, Атырау және Маңғыстау облыстарында экология нашарлап кеткен, соның салдарынан өмір сүру ұзақтығы төмендеп, онкологиялық аурулар көбейгені байқалады.
"Компаниялар экологиялық ережелерді елемей ғана қоймай, айыппұлдарға қарсы шығып немесе оларды басқа төлемдер арқылы өтеп, қаржылық жауапкершілікті мемлекеттің мойнына жүктеп отыр. Мұнай мен газ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өндіріліп жатқаны ерекше алаңдаушылық туғызады. Каспий теңізінің күн өткен сайын ластануы флора мен фаунаның жағдайы одан әрі нашарлауына әкеп соғуы мүмкін", - деді депутат.
Бұл жағдайды реттеу үшін Сергей Пономарев мынадай ұсыныстар жасады:
- мұнай компанияларымен арадағы келісімшарттардың экологиялық талаптарын қайта қарау,
- экологиялық нормаларды жиі бұзатын компанияларға лицензия беруді уақытша тоқтата тұру,
- Каспий теңізі акваториясындағы барлық мұнай жобасына халықаралық экологиялық аудит жүргізу.
2025 жылғы ақпанда сарапшылар Каспий теңізінің деңгейі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен төмендеп жатқанын мәлімдеді, кейінгі 20 жылда 2 метрге төмендеген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова