Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл тақырып бойынша Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов баяндама жасады.
Заң жобасы Мемлекет басшысының азаматтар үшін тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес әзірленді. Депутаттың айтуынша, заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарына және әскери қызметкерлерге де ерекше назар аударылған.
– Заң жобасында әкімдіктердің жаңа функциясы енгізілгенін атап өткен жөн. Ол бір жыл ішінде әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты, – деді депутат.
Жұмыс барысында депутаттар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар адамдар санаттарының тізбесін кеңейтті. Бұл – мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар және 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Тағы бір маңызды жаңалық – халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік беру болып отыр. Бұдан бөлек, апатты жағдайдағы тұрғын үйдің орнына берілген баспананы жекешелендіру құқығы туралы норма енгізілді.
Сонымен қатар Ұлықбек Тұмашинов заң жоба аясында Отбасы банкі ұлттық институты ретінде азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлу жөніндегі функциялары енгізілгенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда бүкіл елімізде баспанаға мұқтаж 647 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Заң жобасында тұрғын үйді орталықтандырылған есепке алуды және бөлуді жүзеге асыратын толыққанды «Отбасы Банк» даму институтын құру ұсынылады. Бұл өкілеттіктер «Отбасы банкке» жергілікті атқарушы органдардан беріледі, – деді депутат.
Депутаттар заң жобасымен жұмысты екінші оқылымға дейін жалғастыратын болады.