- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мәжіліс депутаты көмектесті"....
"Мәжіліс депутаты көмектесті". Қазақша қызмет көрсететін туристік компанияның иесі кәсібі туралы айтты
Елімізде туристік агенттіктер көп болғанымен, тек қана қазақ тілінде қызмет көрсететіндері сирек. Соның бірі SaparLa Travel компаниясы үш жыл ішінде 40 елге 5000-нан астам турист жіберген. Компанияның негізін қалаушы Нұрсұлтан Симбаев Massaget.kz тілшісіне кәсіпті қалай бастағаны, қиындықтары мен қызықтары туралы баяндап берді.
"Торт пісіріп саттым"
Нұрсұлтан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне 2016 жылы оқуға түсіп, радиотехника электроника телекоммуникациялар мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Әкем коммуналдық мекемеде, анам дүкенде жұмыс істеді. Қарапайым отбасынан шықтым. Студент кезімде өте белсенді болдым. 1-курста жол апатына түсіп, 3 ай үйде жатып қалдым. Сол уақыттарда қосымша іс болсын деп, торт пісіріп, сатумен айналыстым. Кейін 3-курста қосымша табыс үшін жұмыс іздей бастадым. Зергерлермен сөйлесіп, әр түрлі күміс бұйымдар саттым. Сосын Алматы қаласындағы тур компаниялардың біріне менеджер болып жұмысқа тұрдым. Директорлармен бірге іссапарға шығып, біраз жұмыс атқардым. Бірақ бір айлық жалақыны ғана алдым. Маған студент ретінде ғана қарады ма, еңбегімді бағаламады. Ең алғаш 30 мың теңгені сол жерден алғанмын. Ұзақ уақыт істегім келмеді де, шығып кеттім. Дегенмен, компанияның бағыты қазіргі менің айналысып жүрген кәсібіммен мүлдем сәйкес келмесе де, біраз тәжірбие жинадым десем болады", - деді ол.
Кейін бугхалтерлік салада көмекші болып, қоғамдық жұмыс атқарған.
"3 курс бітірген соң жазда еліміздегі партиялардың бірінде ерікті болып, кейін қоғамдық жұмыс атқардым. Бугхалтерлік салада көмекші болып, сонымен айналыстым. Бұл үшін маған ешқандай ақы төленбеді. Курстастарым "тегін не істеп жүрсің, ерігесің" деп айтатын. Ал маған білім алу маңызды еді. Ойлана келе, туризм саласы маған жақын екенін түсіндім. Себебі мектеп кезінде география мен математиканы жақсы көретінмін. Содан кейін "неге өзімнің туристік компаниямды ашпасқа?" деп ойландым. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжаттар бойынша іздене бастадым. Бірақ бұл сала бойынша оқу 500-600 мың теңге тұрды. Ондай қаражат менде болмады. Сол үшін ғаламтордан, әлеуметтік желіден іздеп, зерттей бастадым", - деді ол.
"Екі ай ойландық"
Нұрсұлтан 2019 жылы қарашада өз атынан туристік агенттік ретінде тіркелген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Жақын араласатын бауырларымның ішінде Қыдырбек веб-дизайнмен айналысатын. Екеуміз атауын, логотипін екі ай бойы ақылдасып жүрдік. Желтоқсанда нақты Saparla деп атауын қойып, логотипін жасауды бастадық. Жалпы бұл компанияны қарапайым халық арзан бағада шетелде демалсын деген ниетпен ашқан едім. Өйткені көптеген компаниялар турларды қымбатқа сататын. Сол себептен де халық "шетелге шығу үшін 1 млн керек, оны қашан жинаймын" деп ойлайды. Негізі олай емес. Адам тырысса, аз ақшаға да әдемі саяхаттауға болады", - деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, алғашқыда білместіктен шығындар көп болған.
"Ойламаған жерден біраз шығынға баттым. Орыс тіліне шорқақтығымнан түсініп, сөйлеп тұрсам да дұрыс жеткізе алмайтынмын. Сол жағынан мәселелер туындады. Дегенмен, тәуекел жасап, "мұны қалай да істеуім керек" деген мақсат болды. Өте көп қателікке бой алдырдым.
Біз қазақ тілінде ғана қызмет көрсететін тур агенттікпіз. Қазақстанда қызмет атқаратын шетелдік компаниялардың ішінде бір компанияны толығымен қазақ тілінде ғана қызмет көрсетуге дағдыландырдық. Менің арқамда қазақ тілді туристік агенттіктер тобы бар. Біз құжаттарды, хаттарды қазақ тілінде жазамыз, олар да сол тілде жауап береді. Оқыс жағдайлар кезінде де орталықтарға қазақ тілінде хабарласуға мүмкіндік бар",- деді Нұрсұлтан.
"Алғашқы туристерді Дубайға жібердік"
Кәсіпкердің айтуынша, барлығы нөл теңгемен басталған.
"Бастапқыда бірден кеңсе ашуға менде қаражат болмады. Ең алғашқы туристті 10 ақпанда Дубайға жібердік. Сол үшін де Дубайға тур сату сондай ыстық. Қазіргі "Харекет" қайырымдылық қорының еріктілері хабарласып, басшысына Дубайға тур сыйлағысы келетінін айтты. Сөйтіп, қордың директоры Гүлмира Мұқанқызы өзінің туысымен бірге екі адам болып, Дубайға ұшты. Сол турдан 40 мың теңгедей табыс қалды. Бұл ақшаға компанияға ту жасаттым, құжаттар салатын папкаға, стаканға тапсырыс бердім. Бұларды сыйлық ретінде алғашқы туристерге беріп, өзім аэропорттан шығарып салдым. Бәріміз компания логотипі бейнеленген тумен фотоға түстік", - деді ол.
Одан кейін қарызға ақша сұрап, өзі де Дубайға барып келген.
"Ата-анамнан қарызға 50 мың теңге сұрап алдым. Өзімнің жинаған ақшамды қосып, Дубайға достарыммен бірге үш күнге барып келдік. Бір адамға 130 мың теңге кетті. Бірақ бұл соманың ішіне тамақтану кірмейді. Жүк сөмкемізге тамақтарымызды салып алдық. Солай тиімді әрі көңілді болып, қыдырып келдік", - деді кәсіпкер.
"Карантинде қарыз болдым"
Нұрсұлтан Дубайдан келген соң турға деген сұраныс арта түскенін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Ол кезде 4-курсқа аяқ бастым. Тағы да 2-3 адамды Дубайға жібердім. 2020 жылы наурызда Тараздан 18 адам тур брондады. Дубайдағы іс-шараға бара жатыр екен. Ақшаларын алып, брон жасап қойдым. Бір адамға бір апталық тур 400 мың теңге болды. Әр адамнан 10 пайыз, 40 мың теңге өзіме пайда түсті. Сонда маған 400-500 мыңдай табыс түсті. Оның барлығын компанияның шығынына жұмсадым. Ноутбук, тағы да керек-жарақтарды алдым. Бірақ, аяқ астынан карантин басталып кетті де, 18 адам ұша алған жоқ. Толық ақшаны қайтаруға тура келді. Ақшаны қайтаратындай мүмкіндік жоқ. Туған-туыстардан қарызданып, таныстардан ақша алып, ауылдас бір ағамнан 400 мың теңге қарыз алып, барлық төлемді жаңағы кісілерге қайтарып бердім", - деді кәсіпкер.
Ол карантин кезінде де әлеуметтік парақшаны жүргізуін тоқтатпаған.
"Карантин бітеді ғой деп үміттеніп, әлеуметтік желідегі парақшамызды қолға алдым. Түрлі ойындар ойнатып, видео түсіріп, таргетсіз 1500 оқырман жинадым. Карантин уақытында қосымша табыс ретінде кейбір блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізіп, қоғамдық жұмыстармен ақша таптым. Ол кезде компания жұмысы толық тоқтап тұрды. Туысқан ағамыздан алған қарызымды 2020 жылы қыркүйекте, яғни 6 ай ішінде толық қайтардым.
Алматы қаласындағы "Жастар саясатын дамыту қорына" қарасты Алатау жастар ресурстық орталығын басқарып, содан ресми түрде жалақы алып отырдым. Жаз бойы сонда жүрдім. Университетті бітіріп, диплом алдым. Тамыз айынан бастап шетелге шығуға рұқсат берді де, қайтадан компания арқылы тур сата бастадық. Отельдерге бронь жасауға көмектестік. Сөйтіп, қолға алдым",- деді ол.
"Астанадан ұсыныс түсті"
Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап компанияға өте көп сұраныс арта бастаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Жылдың соңына таман Астанадан жұмысқа байланысты өте жақсы ұсыныс келді де, Астанаға көшіп кеттім. Компанияға сұраныс артты, менеджер алдым. Өзім оқытып, үйреттім. Табысын да жақсы беруге ұмтылдым. Ол Алматы қаласында, мен Астанадан, екі тараптан жұмыс істедік", - деді ол.
Нұрсұлтан осы уақытқа дейін 40 мемлекетке тур сатқанын атап өтті.
"Біз Қазақстан ішіндегі туризмге де мән береміз. Ақтау, Түркістан, Шымкент, жазғы уақытта Алакөлге тур сатамыз. Ал шетелде барлық бағытқа тур бар. Визасына, кіріп шығу ережелеріне байланысты дәл қазіргі таңда кемінде 40 мемлекетке тур сатып көргенбіз. Қалғандары да жаймен қосылып жатыр. Жалпы барлық мемлекетке баруға көмектесе аламыз", - деді ол.
"Мәжіліс депутаты көмектесті"
Оның айтуынша, компаниясына айналасындағыларға үнемі айтып жүріп, клиенттер жинаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Адамдармен сөйлесуден ұялмайтынмын. 4-курста пәтер жалдап тұрдым. Жанымдағы дүкендерге, кездескен адамдарға компанияның электронды визиткасын беріп, саяхат туралы әңгіме айтып, мотивация беретінмін. Таныстарыма да жиі айттым. Алғашқы клиентімді солай тапқан едім. Шыны керек, бастапқыда жарнама беруге ақша болмады. Кейін мені қолдау мақсатында таныстарым, достарым жарнама жасады. Бірақ таргет пайдаланбадым", - деді Нұрсұлтан.
Кәсіпкер мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың көмегі тигенін айтты.
"2020 жылдың соңына таман жобалар бойынша қазіргі Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жұмысқа шақырды. Сол кісінің қолдауымен Астана қаласына көшіп келдім. Екеуміз бірге жұмыс істедік. Әрі қарай Астанада қалдым. Дәулет аға мені қолдап, ерекше көмектесті. Шетелге шыққан кезде бізден тур алып, тегін жарнамалады. Дәулет ағамен аға-іні ретінде жақсы араласамыз. Сол жарнамадан кейін менде туристер саны да, оқырман саны артты", - деді ол.
"Жиі күйзеліске түсіреді"
Нұрсұлтанның айтуынша, кәсіпті тастап кеткісі келетін күндер болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Шығындарды жаба алмаған кезде кәсіпті тастап кеткім келетін кездер болды. Өйткені эмоцианалды күйіп кетуден күйзеліске түсесің. Басымнан көп жағдай өтті. Мәселен, туристке отель ұнамай қалуы мүмкін. Немесе, турист бару билетіне кешігіп қалса, келу билеті де бірге күйіп кетеді. Бара жатқандағы билеттің күйіп кетуі туристің өз кінәсінен болады. Бізде бару-қайту билетін бірге сатылатындықтан, қайту билетінің де күйіп кететінін мен білмедім. Қателігімнің бірі осы болды", - деді ол.
Қазіргі таңда компанияда 20-ға жуық қызметкер бар.
"Компанияда менеджерлер, бугхалтер, заңгер, SMM мамандары, графикалық дизайнер, мобилограф жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 5000-5300 турист шетелге саяхаттап келді. Алда жоспарымыз көп. Әрі қарай жүйелі тұрде дамытқымыз келеді. Алматы, Астана қалаларында кеңсеміз бар. Ақтауда менеджерлер коворкинг орталықта жұмыс істейді. Сол жаққа барып, туристер сөйлесе алады. Кеңсеміз екі қалада болғандықтан, сол жақтың тұрғындары және өзімнің жерлестерім - ақтаулықтар біздің компанияға жиі жүгінеді", - деді ол.
"Дубайда алты рет болдым"
Нұрсұлтан бірнеше елде, соның ішінде Дубайда алты рет болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Біріккен Араб Әмірлігіне қанша рет барсам да жалықпаймын. Туристерге де соны жиі ұсынамыз. Әзірге мына елде болдым деп мақтануды ұят санаймын. Көбісі "сен туристік агенттіктенсің ғой" деп тегін баратындай ойлайды. Өкінішке қарай, ешқайда тегін бармаймын. 2023 жылдың алғашқы үш айында серіктестік компанияда Дубай сатылымы бойынша лидер болдық. Сонда 2 адамға жасанды пальма Джумейра аралында орналасқан қымбат қонақ үйге бес күнге тегін жолдама берді. Сол кезде ғана тегін барғанмын. Ал қалған елдерге өз қаражатыммен бардым. Осы уақытқа дейін Түркияда, Үндістанда, Таиландта, Қытайда, Египет, Өзбекстан, Қырғызстан, Мальдив аралдарында, Грузияда болдым. Қазіргі таңда қосымша бугхалтерлік қызметпен айналысамын. Жалпы жиі саяхаттауға тырысамын", - деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл саланы жүргізгісі келетін адам үнемі ізденісте болуы керек.
"Жалпы аз ақшамен де саяхат жасауға болады. Көпшілігі әлі күнге дейін шетелдік төлқұжат қажет екенін білмейді. Осыны айтқым келеді. Сондай-ақ, шетелге шығуға, қыдыруға деген махаббат керек. Сол кезде ғана кез келген адам әдемілікті көре біледі.
Ал бұл салада, кәсіпкер болғысы келетін адам үнемі білім алуы тиіс. Туризм саласындағыларға үнемі ізденісте болу маңызды. Себебі күнделікті ақпарат жаңарып отырады. Содан кейін әрине, әрекет жасаған жөн", - деді Нұрсұлтан.
Еске салайық, бұған дейін төрт айда 5 миллион теңге қарызын жапқан кәсіпкер құпиясын бөліскені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Абьюзердің белгілері қандай?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы