Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев сот шешімімен Жамбыл облысы ауылындағы үйінен айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР президенттігіне экс-кандидат Жигули Дайрабаев сот шешімімен Жамбыл облысы Мерке іргесіндегі Сарымолдаев атындағы ауылдағы үйінен айырылды. Талапкер - әйелімен бірнеше жыл бұрын ажырасқан жергілікті тұрғын Саит Рузиев. Әйел олардың ортақ үйін Жигули Дайрабаевқа өз еркімен сатып жіберген.
Жамбыл облысы Тұрара Рысқұлов ауданының соты Саит Рузиевтің депутат Жигули Дайрабаевқа қатысты талап арызы бойынша шешім шығарды. Рузиева Фатима Атыхамовна мен Дайрабаев Жигули арасында 2021 жылғы 11 мамырдағы №3073 үйді сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды, себебі бұрынғы ерлі-зайыпты Саит пен Фатима Рузиевтер бұл үйді бірлесіп сатып алған. Олардың ортақ мүліктегі үлесі де 50/50 болып белгіленді.
Сот шешіміне бір ай ішінде шағымдануға болады.
Бұған дейін Меркі ауылының тұрғыны Саит Рузиев Жигули Дайрабаевтың үйді 140 миллион теңгеге өз атына заңсыз рәсімдеп алғанын айтқан болатын.
Бұған дейін депутат осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Жигули Дайрабаевтың айтуынша, Меркедегі үй заңды түрде алынған, үй иелерінің құқықтары сақталған.
"Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше, ол үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы (ажырасқан). Ерлі-зайыптылардың арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралағаны үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса, қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді", - деді ол.
Айта кетейік, Жигули Дайрабаевтың бұған дейін де басы дауға қалған еді.
Еске салайық, Мәжіліске "Ауыл" партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық 550 миллион теңгеден аса субсидия қаржысын жымқыру туралы іс бойынша шартты мерзімге сотталған болатын. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады.
Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Олардың қатарында "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар.
Кейінірек депутат Жигули Дайрабаев ұлдарының сотталуына қатысты Мәжілісте мәлімдеме жасап, оларды кінәлі деп есептемейтінін айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!