Мәжіліс депутаты жемқорларға елден шығуға тыйым салуды ұсынды

Депутат Азат Перуашев елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы талқылау кезінде пара алғаны үшін сотталған тұлғаларға елден шығуға тыйым салуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың мақсаты тек жаза тағайындау, түрмеге жабу ғана болмауы керек деп ойлаймыз. Ең алдымен, жемқорлар ұрлаған ақшаларды мемлекетке, халыққа қайтару қажет. Капиталдарды қайтару бойынша тәжірибе көрсеткендей, ең тиімді шара - шетелге шығуға тыйым салу. Көп жағдайда ірі жемқорлар ақшаларын конверттерде алмай офшорлық аймақтарда жасыратындықтан, оларды табу мүмкін болмай қалады. Кейде құқық қорғау органдары олардың қолында қанша ақша барын және ол қайда екенін де білмейді. Олар әрдайым ақшаларын қайта жасыра алады", - деді Азат Перуашев.

Перуашевтің пікірінше, мұндай адамдар жазасын өтеп болған соң шетелге барып, ұрлаған миллиардтарымен өмір сүреді.

"Ақжол" фракциясы бірнеше рет жазасын өтегендерге шетелге шығуға тыйым салуды ұсынды, осылайша, олар ұрлаған миллиардтарын халықтан алып, офшорларға жасырып, шетелде тұрмауы керек. Егер олар осында өмір сүретін болса, онда сол ақшаларды елге қайтарады. Бірақ өкінішке орай, мемлекеттік органдар бұл түзетуді қолдамайды... Осыған байланысты мен сұрақ қоямын, егер біз осы түзетуді сіздердің заң жобаларыңызға енгізсек, оны қолдайсыздар ма? Бұл ақшалар елімізге қайтып оралуы үшін", - деді депутат.

Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов бұл мәселені тереңірек қарастыруды ұсынды.

"Жалпы, әркім өзінен бастау керек. Кез келген сыбайлас жемқорлық қылмыс және ұрлық - бұл сатқындық деп қарастырылуы тиіс. Сондықтан біз барлық осы нормаларды қарап, егер қолдау болса, оларды жүзеге асырамыз", -  деді ол.

Дегенмен Перуашев бұл жауапқа көңілі толмағанын жеткізді.

"Бұл жауап мені қанағаттандырмайды. Бұл жалпы сөздер, "біз өзімізден бастауымыз керек" және тағы басқа. Мен нақты нәрселер айтып отырмын, егер жемқор сотпен айыпты деп танылса... Олар тыныш жүре береді, тек шетелге шығуға тыйым салынғанда ғана олар қашып, жолдарын іздей бастайды. Бұл активтерді қайтарудың ең тиімді шарасы болып шықты - сіздер бұл туралы білесіздер. Әсіресе үкіметтің оң қорытындысы бар. Мен жалпы сөздермен емес, нақты қадамдар жасауды ұсынамын", - деді депутат.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені екінші оқылымға дейін профильді комитетте қарастыруды ұсынды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!