Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ауылдық және моноқалалар тұрғындарына арналған жаңа ипотекалық бағдарлама құру қажеттігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазіргі жағдай
Бүгін Мәжіліс отырысында Ерлан Саиров депутаттық сауал жолдап, 2024 жылы "Отбасы банкінің" ауылдық жерлерде алғашқы және екінші нарықтағы тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ жеке үй салуға бағытталған "Асыл мекен" пилоттық бағдарламасын іске қосқанын еске салды.
Бағдарламаға 2 миллиард теңге бөлінген. Оған "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша кезекте тұрған азаматтар басымдықпен қатыса алды. Несие сомасының ең жоғарғы мөлшері – 10 миллион теңге.
"Алайда бағдарлама тиімді болғанына қарамастан, жалғасын таппады — қаржыландыру тоқтатылды. Осылайша, Президенттің "Отбасы банкі" қызметін ауыл-аймақ, моноқалалар мен елді мекендерге бағыттау жөніндегі тапсырмасы нақты жүзеге асырылмай қалды", – деді депутат.
Не ұсынылды?
Мәселені шешу үшін Ерлан Саиров келесі ұсыныстарды ортаға салды:
"Асыл мекен" бағдарламасының қаржысын арттыру;
оны ел бойынша тұрақты түрде жүзеге асыру және шағын қалаларды қамту;
республикалық бюджеттен жыл сайынғы қаржыландыру көзін қарастыру.
Сонымен қатар, ол ауылдық жерлерге бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеу қажеттігін айтты:
"Ауыл, моноқала және шағын қалалар тұрғындары үшін алғашқы жарнасы 10%-дан басталатын және мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендетілген жеңілдетілген ипотекалық өнімдер қажет. Әлеуметтік осал топтарға арналған пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігін енгізу керек. Сондай-ақ "Бірқабатты Шығыс" (ШҚО) және "Жерұйық" (Жетісу облысы) жобаларының оң тәжірибесіне сүйене отырып, әкімдіктермен бірлескен келісімдер жасасу қажет", – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Берік Бейсенғалиев заңсыз жолмен алынған активтерден қайтарылған 50 млрд теңгені ипотекалық бағдарламаларға бағыттауды ұсынған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет