Танымал аңшы, Мәжіліс депутаттығына бұрынғы кандидат Батыр Сейкеновке шабуыл жасалды. Оның сөзінше, белгісіз біреулер оны атып кетпек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Батыр Сейкенов әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
"Кеше Қорғалжың даласында Жомарт Байбеков екеуімізді біреулер өлтіріп кетпек болды. Абырой болғанда аман қалдық. Бұл Ақмола облысында ғылыми мақсатты желеу етіп, 200 ақбөкенді ату идеясының артында кім тұрғанын анықтағанымның салдары. Алаяқтық біздің еліміз үшін қарапайым және таныс, жергілікті ұрылар, жалған ғылым және таза емес квази-сектор қызметкерлерінің келісімі", - дейді ол.
Сейкенов әзірге тергеу жүріп жатқанын, сондықтан артық ақпарат айта алмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Батыр Сейкенов Зоология институты зерттеу мақсатында 200 киікті атпақ екенін айтқан болатын.
"Бұл мәселені мен көтеріп жүргеніме екі күннің шамасы болды. Ақиқатында киікті зерттеу үшін 200 басты атып керек емес, негізі 30-40 бас киік жеткілікті. Ендеше, зоология институты неге 200 бас деп отыр? Бұның артында жемқорлық жатқан сияқты. Шамасы, ойлары қызықтатып бай бағыландарға атқызу ма деймін.
Қазір маған хабар келіп жатыр. ОХОТЗООПРОМНЫҢ көліктері далада тұрған көрінеді. Киікті ату үшін арнайы рұқсат қағаз керек. Қару ұстауға рұқсат болуы керек. Мен қазір сол жаққа ақиқатты өз көзіммен көріп, бар жағдайды баяндау үшін барғалы жатырмын. Жоқ! Мен киікті реттеуге қарсы емеспін. Бірақ мен киікті жөн жосықсыз атуға түбегейлі қарсымын! Әр нәрсе өз ретімен болуы керек. Және киік ел игілігіне берілуі керек", - деген еді Батыр Сейкенов.
Батыр Сейкенов биылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауына өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!