Бүгін Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту» мәселесіне арналған тақырыптық отырыс өтті. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары Ринат Зайытов пен Дәулет Мұқаев қазақ сыныптарындағы орыс тілі оқулықтарының күрделілігін сынға алды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәулет Мұқаев орыс тілі оқулықтарының тапсырмаларының шамадан тыс ауыр екенін айтып, бағдарламаларды жеңілдетуді ұсынды.
«Орыс тілінде өлең жаттап кел деген тапсырма беріледі. Ата-ана ретінде оларды оқыту маған да, балаларға да қиын. Орысша оқитын балаларға жүргізілетін қазақ тілінің оқулығын қарасаңыздар, жеп-жеңіл, бес әріпті қойып, мында «қай әріп жетпей тұр» деп сұрайды. ҰБТ-да да сондай. Біз балаларымыздан орыс тілді филолог дайындап жатқан сияқтымыз. «Причастный оборот, деепричастный оборот» деген сөйлемдері бар. Одан кейін өзге де өлеңдерді жаттатып, біз балаларды қинап жатырмыз. Мектептегі оқулықтарды жеңілдету керек деп есептеймін. Екіншіден, қазақ тілінің грамматикасын мүлдем жоғалтып жатырмыз. Педагог бола отырып, «иә» деген екі әріпті «я» деп жазатындарды өз көзіммен көргенмін. Я деп жазып отырған мұғалімнің өзі балаларға қандай білім береді?! Сіздердің презентацияларыңыздың өзінен бірнеше қате көрдім», – деп пікір білдірді ол.
Ал Ринат Зайытов қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды бастауыш сыныптан кейін ғана қолға алу керек деп пікір білдірді.
«Балалардың орыс тілінде оқи алмайтыны меніңде басымда бар жағдай. Бесінші сыныпқа дейін тек ана тілінде оқытуға рұқсат беріңіздер. Мен баламды көп тілде оқытқым келмейді. Нәтижесін осы жерде отырған біраз адамдардан көріп отырмын, не қазақша, не орысша сөйлей алмайды», – деді депутат.
Жиын барысында жауапты мекеме басшыларының қойылған сұрақтарға толық жауап бере алмауы депутаттардың наразылығын тудырды.
«Оқулықтың ішінде не бар екенін өздеріңіз білмейсіздер ме? Неге сүйеніп жауап беріп отырсыздар? Әдепті бала дегеннің анықтамасын айта алмай отырсыздар, ұят! Атам қазақ "Әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала" деген. Дайындықсыз келсеңіздер, несіне сұрақ қоямын?» – деп ашуланды Зайытов.
Айта кетейік, отырыстың баяндамашысы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева жиынға келмеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!