Мәжіліс Ардақ Назаровтың пленарлық отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаған әрекетіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz сауалына берген жауабында Парламенттің төменгі палатасы өкілі депутат Ардақ Назаровтың әрекетінен регламентті немесе депутаттық әдеп ережелерін бұзу белгілері байқалмағанын айтты.
"10 қыркүйекте депутаттық сауалды жариялау кезінде депутат Ардақ Назаровтың анасын құттықтауына қатысты Парламент пен Мәжіліс регламентінің нормаларын, соның ішінде депутаттық әдеп ережелерін тікелей бұзу белгілері байқалмады", – деп жазылған жауапта.
Мәжіліс мәліметінше, құттықтау "пленарлық отырыстың өту барысына әсер етпеген және орынды формада айтылған". Осыдан кейін депутаттарға мінберден аналарын құттықтауға болады деген қорытынды шығады. Ең бастысы - Ардақ Назаров сияқты "орынды формада" жеткізу.
Еске салайық, бұған дейінгі Мәжіліс отырысында депутат Ардақ Назаров анасын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл жайт қоғамда қызу талқыланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!