• 499.31
  • 490.7
  • 5.62

Мажағұловқа қатысты іс: мән-жай белгілі болды

Фото: Видео кадры

Астана сотында аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды деп айыпталған Астананың Мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қызмет бабын пайдалана отырып, адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) М.-ға, сондай-ақ оған көмектескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) К.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады.  

Айыптаудың мән-жайы

М. Астана қаласының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы бола тұра, Э.-мен бірге және К.-нің көмектесуімен 2016 жылы Есіл өзенінің жағалауындағы "Күн" субұрқағының құрылысын, оған қоса "Су сиқыры" және "Есіл өзеніндегі жарық иллюминациясы мен отшашу шоуы" шарасын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын сметалық бағаны арттыру, арзандау және сапасы төмен материалдарды қолдану арқылы талан-таражға салып, мемлекетке 1 млрд. теңгеден аса, аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Сот үкімі туралы

Сот мынадай үкім шығарды:

  • М.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасының Президентіне М.-ны "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді;
  • К.-ға кінәсін мойындағанын, өкінуін және қылмысты ашуға ықпал етуін ескере отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Астана қаласының Мәдениет басқармасы" ММ-нің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы толығымен қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Астанадағы субұрқаққа қатысты сот 2024 жылғы желтоқсанда басталды.

2024 жылы қыркүйекте Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды. 

Кейінірек Қаржылық мониторинг агенттігі Болат Мажағұлов не үшін ұсталғанын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова