Астана әкімдігі Есіл өзеніндегі атышулы "Күн" субұрқағының болашағы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр Астана әкімі Жеңіс Қасымбек көп жылдан бері жұмыс істемей тұрған "Күн" фонтанын қалпына келтіру үлкен шығынды талап ететінін, сондықтан оны бұзу жоспарланғанын мәлімдеген еді. Фонтан былтыр алып тасталуы керек болған, алайда ол әлі орнында тұр.
Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы әкімдікке ресми сауал жолдап, фонтанның болашақ тағдырын анықтауға тырысқан.
Астананың Ішкі саясат басқармасы мәліметінше, нысан құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға қатысты іс бойынша соталды тергеу жүргізілгендіктен, фонтан бұзылмаған.
Осы уақыт ішінде тергеу аясында қажет сараптамалар жүргізілген.
"Фонтан 2025 жылы жеке қаражат есебінен бұзылады. Бюджеттен қаражат бөлінбейді", - деп мәлімдеді ведомство өкілі.
Бұзылған металл конструкцияның болашақ тағдыры да белгісіз.
Айта кетейік, "Күн" пішініндегі фонтан 2016 жылы Астана күніне орай салтанатты түрде ашылған. Ерекше құрылым қала тұрғындарын таңғалдырды, ал фонтанды орнату процесінің суреттері тез арада әлеуметтік желілерде тарады.
Әкімдік сол кезде фонтанның жалпы ауданы 3 600 шаршы метр, ұзындығы 180 метр, ені 20 метр, ал судың үстінен биіктігі 22 метрге дейін жететінін хабарлаған еді.
Жоспар бойынша фонтан жазғы кештерде шоу ретінде көрінуі, күндіз сағат қызметін атқаруы керек еді.
Алайда бұл көрініс ұзаққа созылмады. Мәдениет басқармасының мәліметінше, фонтан 2019 жылдан бері жұмыс істемей тұр. Бұл жағдай "қысқы уақытта электр кабельдері мен басқа да материалдар ұрлануына" байланысты түсіндірілді. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған еді.
2024 жылғы қыркүйекте Қаржылық мониторинг агенттігі Астананың Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталғанын растады. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. ҚМА деректеріне сәйкес фонтан құрылысына қатысты келісімшарттар мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей жасалған.
Фонтанға қатысты сот ісі былтыр желтоқсанда басталды. Болат Мажағұлов өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарды. 2025 жылғы 31 қаңтарда бұрынғы шенеунік 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!