“Мәһр жойылған жоқ“. ҚМДБ қалыңмал мен мәһрге қатысты дауды түсіндірді

ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы мәһр мен қалыңмалға қатысты пәтуаны түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі "Қалыңмалға дініміз не дейді?" тақырыбында пәтуа шығарған болатын. Маманның айтуынша, муфтият бұл пәтуаны халықтан көп сұрақ келгеннен кейін шығарған.

"Бұл пәтуаны көпшілік түсінбей қалған сияқты. Әсіресе кей БАҚ өкілдері ақпаратты халыққа "Муфтият мәһрді жоққа шығарды", "қалыңмал мен мәһрді біріктіріп жіберді" деген тақырыпта таратты. Осы мәселенің мән-жайын түсіндіргім келеді. Бізге халықтан мынадай сұрақтар көп келді: "Бұрын ата-бабаларымыз мәһрді айтпайтын. Қазір мешітте имамдар мәһрді сұрайды. Бұл қалай?", - дейді маман.

Елбек Тасболатұлы пәтуаны дұрыс түсінуге шақырды.

"Мәһр - ердің қызға беретін сыйақысы. Бұл міндет болып табылады және некеде айтылмаса да, жігіттің мойнында міндет болып қала береді. Ал бұрынғы кезде ата-бабаларымыз жігіт жақтың тарапынан қалыңмалды қыздың жасауы етіп жіберген кезде қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдаған. Бұл - дәстүр және үрдіс ретінде жүріп келген дүние. Оны халық та, қыз да білетін. Уақыт өте қалыңмал біршама өңірлерде берілмейтін болды. Ондай кезде мәһр айтылуы керек. Осы себептерден мәһр айтылып бастады. Мәһр әрқашан жігіттің мойнында болып есептелінеді. Ал енді қалыңмал берілетін өңірлерде сол қалыңмалды мәһрге жатқызуға бола ма? Пәтуада осы мәселе қозғалған болатын. Қорытындылай келе, жігіт жақтан берілген қалыңмалды қыздың артынан жасау қылып жіберетін болса, қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдауға келісім берсе, сол жіберілген жасау мәһр болып есептелінеді. Бірақ ол мәһр болып есептелінуі үшін қыздың ризалығы керек. Сондықтан ҚМДБ мәһрді жойып жіберген жоқ, дініміз бен дәстүріміздің ұштасқан көрінісін қайтадан жаңғыртты", - деді Елбек Тасболатұлы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі "Қалыңмалға дініміз не дейді?" тақырыбында пәтуа шығарған болатын. Онда күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болатыны жазылған. "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһрге жатпайды.

Мәһр деген не және оны не үшін сұрайды? Толығырақ мына жерден оқыңыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!