Танымал актер, режиссер, театр педагогы Тұңғышбай Жаманқұлов әйелі Дәрия Әбдімәлікқызы өзінен 24 жас кіші екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы халық әртісі Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты. Актердің айтуынша, ол көпшілік сынынан қорықпаған.
"Иә, оқушым. Ол кезде сөзді ойлайтын жағдай болмады. Өйткені мен ол қыздың еңбекқорлығына, ой-пайымына тәнті болдым. Енді таптаурын болып кеткен сөз ғой ғашық болу деген, бірақ көзсіз ғашық болдым. Белді будым да, осындай мәселеге бардым. Өткен өмірімнің бәрі жақсы еді деп айтпай-ақ қояйын. Ешкімнің артынан жаман сөз айтпайын. Бірақ осындай жағдай болды, оның маған деген үлкен сыйластығы сезімге айналды. Біз жасырын жүруге қорқып, ашық кеттік", - деді өнер иесі.
Тұңғышбай Жаманқұлов "көңілдес болып алмайсыз ба" деген сұраққа қалай жауап бергенін бөлісті.
"Маған бір журналист "қызықсыз, атағыңыз бар. Сізден екі мүшел кіші, оны жақсы көрсеңіз, көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" деді. "Мен қазақпын, 7 қарындасым бар. Көңілдес бола алмаймын. Мен тек күйеу бола аламын" орысша жауап беріп, аузын жаптым. Құдайға шүкір, екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым Мәскеуде Бауман университетін бітіріп келді. Екінші ұлым Медицина институтында тіс дәрігері мамандығында, қызым 10 сыныпта оқып жатыр", - деді ол.
Сондай-ақ, ол "Мен шәкіртім Дәрияға үйлендім ғой. Есімнен тандырды, ғашық болдым, үйлендім. Әлі де басымда болмайды деп кепілдік бере алмаймын" деген пікірі туралы айтты.
"Бұл "Қарақатпен шай" бағдарламасында болғанда айтылған сөз. Негізі Қарақатқа тиіскім келіп, "махаббат деген оқыстан келеді, жас-кәріге қарамайды. Алладан келсе, ғашық боласың тағы, кепілдік бере алмаймын. Мен де адаммын" деп әрі әзіл, әрі шын айттым. Махаббатқа зорлық жүрмейді ғой. Кепілдік бере алмаймын деген сол, әлі де айта аламын", - деп жауап берді актер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!