Магистратураға түсу үшін тестке өтініш қабылдау басталады

1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестке өтініш қабылдау басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қашанға дейін тіркелуге болады?

Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 8 шілдеге дейін тіркелуге болады. Тесттің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өткізіледі.

Тіркелу кезінде талапкер тест тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Сондай-ақ, өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (8 шілдеге дейін) өзгеріс (тест тапсыратын қаланы, дайындық бағытын, білім беру бағдарламаларының тобын, тест тапсыратын тілді өзгерте алады) енгізуге болады. 

Тест өткізілетін орын, күні мен уақыты туралы ақпарат жеке кабинетте 14 шілдеде қолжетімді болады.

Кешенді тест туралы

Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратураға түсу үшін кешенді тест электрон форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және бейіні бойынша тест. Тестке 3 сағат 55 минут беріледі.

Шекті балл - 75 балл, соның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша кемінде 7 балл, бірінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл қажет.

Бейінді магистратураға түсуге ниет білдірушілер тек бейіні бойынша тест тапсырады. Тестке 1 сағат 40 минут беріледі. Шекті балл - кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл жинау қажет.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!