2026–2027 оқу жылына арналған магистратура бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желілерде мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комиссия құрамына министрліктің, мүдделі мемлекеттік органдардың, білім беру саласындағы кәсіподақтардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
"Отырыс барысында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурстық негізде жүргізілді. Комиссияның барлық мүшесіне жауапты әрі мұқият жұмыстары үшін алғыс айтамын", - деді Саясат Нұрбек.
Биыл магистратура гранттары конкурсына қатысу үшін 23 мыңға жуық өтініш қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға көп. Үміткерлер арасында "Педагогикалық ғылымдар", "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", сондай-ақ, "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" бағыттары ең үлкен сұранысқа ие.
Тізім 24 тамызда сағат 15:00-де жарияланады. Құжатты Ғылым және жоғары білім министрінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында, Министрліктің ресми ақпараттық ресурстарында, сондай-ақ, Tengrinews.kz сайты мен әлеуметтік желілерінде көруге болады.
Болашақ магистранттарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау 2026 жылғы 28 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz