Кеңес және қазақ эстрадасының халық әншісі Мәдина Ералиеваның "Алтын қорда" сақталған видеосы жарияланды. Әнші "Үркер" бағдарламасына сұхбат берген, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ол сұхбат барысында үйдегі шаруалар өз мойнында екенін жеткізген.
"Көп уақытта асүйден шықпаймын. Үйдегі қыздарға, қасымдағы көмекшілеріме айтудан жалықпаймын. Үйге жақын әйелдерге ештеңе жақпайды. Ешқайсының істегені маған ұнамайды. Оларға істеткеннен кейін өзім тағы істеймін. Тіпті үйдің барлық шаруасын өзімнің мойнымда", - деген әнші.
Ол бірнеше концертке, тойға қатыстырылмауы әсер еткенін айтқан.
"Егеменді ел болып жатырмыз ғой, содан бері көп концерттен қалып жатырмыз. Жалғыз мен емес, көп әншілер солай етіп жатыр. Абай бабамның, Әуезов ағамның тойына қатыстырылған жоқпын. Өте үлкен оркестрмен дайындалып, жеке программа жасадым. ...Аруақты жер Қарасай бабамның тойына қатыстырылмауым тағы да жермен жексен етті. Жамбыл бабамның тойына да қатыстырылмадым. Жалғыз мен емес. ...Қайсына ренжитінімді білмеймін. Әйтеуір үлкен-үлкен тойлардан шеттеліп қалған кездерім болады. Бірақ ешуақытта мойымаймын", - деген әнші.
Айта кетейік, әнші 2000 жылы 27 қарашада Қызылорда облысы Майлыбас қиылысы маңындағы Арал-Ташкент тасжолында жол апатынан қаза болған. Оның орындауындағы "Ай-қарагөз", "Ақбаян", "Жылқы ішінде ала жүр", "Кіресің жиі түсіме", "Сағым жылдар" секілді әндер әлі күнге халық жадында сақталған.