"Маған өте ауыр тиді". Қайрат Түнтековке өнер адамдарының жинап берген ақшасы қайда жұмсалған?

"Маған өте ауыр тиді". Қайрат Түнтековке өнер адамдарының жинап берген ақшасы қайда жұмсалған?
Фото: "Qazaq Airan"

Танымал әнші Қайрат Түнтеков "Qazaq Airan" Youtube-жобасына берген сұхбатында 2012 жылы түскен жол апатынан кейін өнердегі аға-әпкелері жинап берген қаражатты баласының еміне ақша іздеген мұқтаж әкеге бергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші ең алдымен өзіне көмек қолын созған өнер иелеріне алғысын білдірді. 

"Өмірімдегі қиын кезеңдерде Ерлан Көкеев ағамыз, Айжан Нұрмағанбетова әпкеміз қайырымдылық ән кешін ұйымдастырып, маған көмек ретінде қаражат жинаған. Ол кісілерге әлі күнге дейін алғысым шексіз. Мәселе қанша қаражаттың жиналғанында емес, мәселе көңілде. Сол кезде мені солай қолдағандарына қатты қуанамын. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз. Қазір күліп еске аламыз ғой, бірақ сол кезде маған өте ауыр тиді.

Өнер адамдары жинаған қаражатқа қайта тоқталғым келеді. Сол жиналған ақшаны алланың қалауымен баласына ота жасау үшін жұрттан көмек сұраған кісіге бердім. Бір тиынын да алмадым. Бұл туралы қайталап айта бергім келмейді, мұндайды жақтырмаймын. Кейіннен ол бүлдіршіннің отасы сәтті өтіп, сырқатынан айығып кеткенін естідім", - деді ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қандай тауарларды дүкенге қайтаруға болмайды?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә