- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жазушы өмірі
“Маған қарсы адам - қазақ халқының жауы“ - Мұхтар Мағауин
Бүгін Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Massaget.kz тілшісі жазушының өмірі мен шығармашылығына шолу жасады.
Мағауин туралы
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол - тарихшы, жазушы, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық қызметте, 1988 жылы "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Фото: magauin.com
"Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!"
- "Көк мұнар", "Жазушы", 1972, 103-бет.
Шығармалары
- 1960-1961 жылдары алғашқы әңгімелері жарық көреді - "Бір уыс бидай", "Тіленші", "Әйел махабатты", "Кешқұрым", "Жаңыл махаббаты".
- 1961-1962 жылдары "Ер Тарғын" және қазақ эпосы" алғашқы зерттеу еңбегі шығады.
- 1968 жылы "Қобыз сарыны" әңгімесі.
- 1969 жылы "Тазының өлімі" хикаяты.
- 1969 жылы "Ақша қар" жинағы.
- 1970 жылы "Алдаспан" антологиясы.
- 1971 жылы "Көк мұнар" романы.
- 1972-1973 жылдары "Архив хикаясы", "Иесіз" және басқа да әңгімелері жарық көрді.
- 1972-1976 жылдары Ленинградта "Поэты Казахстана" атты алты ғасырлық антологияны әзірлеп, шығарды.
- 1973 жылы "Бір атаның балалары" хикаяты.
- 1977 жылы "Өмір жыры", "Жыланды жаз" хикаяттары.
- 1978 жылы "Көкбалақ" романы.
- 1979 жылы "Жүйрік" хикаяты, "Ер Тарғын" жыры.
- 1980-1982 жылдары "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы.
- 1984 жылы "Шақан-Шері" романы.
- 1987 жылы шығармаларының бес томдық жинағын әзірлеп, шығарды.
- 1988-1990 жылдары "Алтын тіс", "Тәртіпті азамат", "Абақтыда өлген Уан атам", "Тассудан өткен қашқындар", "Әбдіғаппар сері" және басқа да әңгімелер.
- 1990-1991 жылдары "Сары қазақ" романы.
- 1993 жылы "Қазақ тарихының әліппесі".
- 1996-1998 жылдары "Мен" мемуарлық дилогиясы.
- 1997-1999 жылдары "Кұңфудзының даналық дәрістері" кітабы.
- 1999 жылы "Шипалы Арасан" хикаяты.
- 2000-2001 жылдары "Тамыздан соңғы әңгімелер", "Одағай әңгімелер" топтамалары.
- 2001 жылы "Қисық ағаш", "Оңғақ" хикаяттары.
- 2003 жылы "Әдепкі әңгімелер" топтамасы.
- 2003-2004 жылдары "Және одағай әңгімелер" топтамасы.
- 2004 жылы "Қыпшақ аруы" романы, "Ұлтсыздану ұраны" толғауы.
- 2005 жылы "Кесік бас - тірі тұлұп хикаяты" романы.
- 2007 жылы "Жармақ" романы.
- 2007-2008 жылдары "Әрқилы әңгімелер", "Талайсыз әңгімелер" топтамалары.
- 2016-2017 жылдары "Естеліктер кітабы": "Ілияс аға Есенберлин", "Әбіш екеуміз" және басқа жазбалар.
- 2018 жылы "Естеліктер кітабының" жаңа тараулары.
- 2019 жылы шығармаларының жиырма бес томдық "Толық жинағын" баспаға әзірледі.
- 2008-2015 жылдар аралығында "Шыңғыс хан және оның заманы" тарихи деректі тетралогиясын жазды.
"Маған қарсы адам - қазақ халқының жауы" - "Алтын дәптер", мамыр, 1972
"Шыңғыс хан"
Мұхтар Мағауин "Шыңғыс хан" деректі тарихи хикаясын жазуға аттай жеті жылын арнады. Тарихи роман төрт кітаптан тұрады. Онда атақшы жазушы шығармада өткен XII-XIII ғасырлар көлеміндегі Орталық Азия болмысын кеңінен қамтыған.
Фото: magauin.com
Марапаттары
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық "Түркі дүниесіне қызмет" сыйлығының сахибы, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.
1984 жылы "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Жазушы Қазақстаннан неге кетті?
2006 жылы желтоқсанда жазушының елден біржола кету эмиграциясы басталды. Ол бірінші Чех республикасы, Прага қаласына қоныстанды. Елде 2015 жылғы шілдеге дейін өмір сүрді.
2015 жылы АҚШ-қа түпкілікті қоныс аударады.
Ал былтыр қыркүйекте жазушы Мұхтар Мағауин Түркияға көшкен.
Ол өз отанын тастап, шетел асуының себебін былай түсіндірген еді:
"Қазақта "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген сөз бар. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы сондай өтіріктің бірі "Жұлдыз" журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде "Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды" деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе, журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрі жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін сыртқа кетуге тура келді... Менің үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ".
Фото: magauin.com
Отбасы туралы
Жазушы 1965 жылы үйленді. Өмірлік қосағы - Бақытжамал Нұрғалиқызы. Елу жылдан астам ортақ шаңырақта алты бала тәрбиелеп өсірген, жиырма шақты немере сүйіп, 5-6 шөбере көрді.
"Мен ұлдың баласы, қыздың баласы деп бөлмеймін, бәрін бірдей көремін. Жойыт, яғни еврей деген ақылды халық тұқымын қыздан санаған, оның екінші себебі, қыздың тұқымымен қосылып, еселеп көбейесің. Немерелердің алды жоғарғы мектепте оқып жатыр. Бірақ жалпы қазаққа ортақ қиындық менің балаларымның басында да болды. Балаларыма кейде жаным ашиды, тағы екі балам шетелде жүріп жатыр, Чехияда, Польшада, "қалай болады, не болады?" деп ойлаймын. Америкада еңбек еткен адам далада қалмайды екен, көлденең зорлық-зомбылық жоқ. Ал мына бізде көшеде бейсауат кетіп бара жатқан жеріңнен ұстап әкетуі мүмкін", - деген еді ол бір сұхбатында.
Фото: magauin.com
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә