Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштерін мұқият саралауды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
"Маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатыр. Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл - мемлекеттік ауқымдағы міндет. Салық арқылы әкімшілендіруді жетілдіруге баса мән беру қажет. Бұл мәселені цифрлық құралдар арқылы шешу кәсіпкерлерді алаңдатып отырған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Келесі жылы қазақстандық тауар өндірушілер реестрі мен тауарлардың ұлттық каталогы енгізілетінін де ескеруге тиіспіз. Жаңадан іске қосылатын бұл тетіктер кейбір кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу байқауларында негізсіз артықшылыққа ие болу мәселесін реттеуге ықпал етуі керек. Үкімет "Атамекен" палатасымен бірге осы жылдың соңына дейін бизнес қоғамдастыққа зияны тимейтін жаңа нормалар енгізуді қамтамасыз еткені жөн", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін де Президент жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш түскенін, премьер-министрге тапсырма бергенін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз