“Маған ақымақсың дейтін. Илон Масктің анасы Мэй Маск абьюзер күйеуі туралы айтты

“Маған ақымақсың дейтін. Илон Масктің анасы Мэй Маск абьюзер күйеуі туралы айтты
Фото: instagram.com/mayemusk

Әлемге танымал бизнесмен Илон Масктың анасы Мэй Маск Алматыға келген сапарында бұрынғы күйеуімен қарым-қатынасы туралы ашық айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өмірде көрген қиындықтарын да есіне алды. Мэй Масктың балалық шағы да қиын өткен екен.

"Біз шөлдалада, қапта ұйықтаған күндер де болды. Түнімен қорқаулар келетін. Сіңлім екеуміз су болмаған кездері жуынбай жүре беретін едік. Әкем көп шығынсыз өмір сүруге дайын болғанымызды қалады. Кейін күйеуіммен ажырасқанда қалтамда көк тиыным болмады. Киімді секонд-хэндтен алдым. Канадаға көшкенде бәрін нөлден бастадым. Тек мансабымды ойладым", - деді ол қиын күндерін еске алып.

Тұрмысқа шыққаннан кейінгі тағдыры да сәтті болмағанын айтты.

"Маған күйеуім "сен ақымақсың" деп айтатын. Ол кезде мен бакалавр бітіргенмін. Бакалавр дәрежесімен қалай ақымақ боламын деп ойлайтынмын. Ол мені бетімнен ұратын. Сән саласына бет бұрып, ақша табу туралы шешімді 28 жасымда қабылдадым. Балаларыммен көлікке отырдым да, кетіп қалдым, содан оралған жоқпын", - деді Мэй Маск. 

Үш баланың анасы балалары да өзінің жолын қуып, диетолог, нутрицолог болғанын қалапты. Бірақ әркім өз жолын тапқанына қуанатынын жеткізді. Әсіресе Илон Маскты мақтан тұтатынын жасырмады. 

"Ақырында олар өздері маңызды деп тапқан салаға бет бұрды. Мен ана ретінде оған қатты қуандым. Илонның менен зымыран жасауды немесе күн энергиясымен айналысуды сұрайтыны әлі есімде. Сонда оған "тек бір іспен айналыс" деп айтқанмын. Бірақ ол мені тыңдамай, барлық бағытты бірден ұстады", - деді ол.

Еске салайық, Қазақстанға келген Мэй Маск қазақстандық бүлдіршіннің тұсауын кескен болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева