“Мафия, уноларды алмастырғым келді“. Тарихи танымдық ойын жастардың қызығушылығын оятты

“Мафия, уноларды алмастырғым келді“. Тарихи танымдық ойын жастардың қызығушылығын оятты
Фото: жеке архивтен

Қазақстандық тарихшы ел тарихына негізделген танымдық үстел ойынын ойлап тапты. Оның айтуынша, аталмыш ойын жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейте түседі. Massaget.kz тілшісі ойын авторымен тілдесті.

Рамазан Ақылбеков - Жамбыл облысы Шу ауданының тумасы. Қарапайым орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын ол биыл жазда еліміздегі ең алғашқы тарихи танымдық үстел ойынын ойлап шығарды. Қазақстан тарихының 8 түрлі қилы кезеңін қамтитын ойын барлығы 380 сұрақ пен 520 картадан құрылған. 

"Тарихты бәрі білуі керек"

- Рамазан мырза, "Тарихи танымдық монополия" ойынын ойлап табу идеясы қайдан туды? Негізгі мақсаты қандай?

- Мен бала кезімнен тарихты жақсы көрдім. Мектептен үйге дейін 1,5 шақырым жаяу жүретінмін. Бос қайтпай, тарих кітабын оқып қайтатынмын. Тіпті дүкенге шықсам да қолымнан кітап түспейтін. Ол кезде әлеуметтік желі аса дамымаған кез еді. Басқа артық ермек жоқ. Қолым қалт еткен кезде тек тарихи кітаптар оқитынмын.

Тарихи танымдық ойынды ойлап табу идеясы осы жазда туды. Еңбек демалысымда үйде жатқанмын. Бөлмемдегі сөреде екі "монополия" ойыны жатты. Біреуі орыс тілінде болса, енді біреуі қазақша, бірақ басқа салаға қатысты еді. Содан соң: "Неге еліміздің тарихы туралы қызықты ойын жасап көрмеске" деген ой келді. Өйткені қазіргі таңда елімізде үстел ойындары өте көп. Бірақ оның 95%-ы орысша. Қазақ тілінде тарихқа қатысты танымдық ойын ойлап тапқым келді. Солайша осы ойынды құрастыра бастадым. Бастапқыда тек мектеп оқушыларына ғана арнап жасасам деген ойда болдым. Бірақ тағы ойландым. Неге тарихты тек мектеп жасындағы оқушылар ғана оқуы керек? Неге біз тарихты тек мектеп кезінде ғана оқып қоя саламыз? Сол себепті мен екі деңгейде шығаруды жөн көрдім. 

Негізгі мақсаты - әр қазақтың азаматына еліміздің тарихын қызық әрі жеңіл үйренуге көмектесу. Әр қазақстандық өз тарихын білсін. Мойындау керек, мектеп бітірген кез келген адам кітап оқуын тоқтатады. Әсіресе тарих бетін мүлдем ашпайды. Неге осы таптаурынды жоймаймыз? Тарихты бәрі білу керек. Біз де ертеңгі тарихтың бір бөлшегі екенімізді ұмытпауымыз тиіс. 

 Зор зейін мен мол еңбек

- Ойынды қалай құрап шықтыңыз? Қиындықтар болды ма? Қалай ойналады? Толығырақ баяндай кетсеңіз.

- Ойынды құрауға жете мән бердім. Әр сұрағына, әр бөлшегіне дейін зейінімді зор салдым. Жоғарыда айтқанымдай, ойынды екі деңгейге бөлдім. Біріншісі - базалық тарихи білім болса, екіншісі - қиынырақ. Күнде кешкі алтыдан таңға дейін сұрақтарды тізіп, жоспарын сызып отыратынмын. Сұрақтарды алып, гуглдан көшіре салмадым. Маңызды сұрақтардың өзін құрылымын өзгертіп, кез келген адам түсінетіндей етіп беруге тырыстым. 

Ойын негізінен жарты сағаттық, 1 сағаттық және 2 сағаттық ережеге қарай бөлінеді. Түскен карточкадағы сұрақтарға жауап бере отырып, деңгейлерден өту арқылы ойналады. Мақсат - сөреден бастап мәреге жету қажет. Алайда ойын барысында 380 тапсырманың барлығын қамтып өту мүмкін емес. Барлық сұрақты шолып өту үшін кемінде 50 рет ойнау қажет болады. Жалпы алғанда "Түркілік", "Моңғолдық", "Қазақ хандығы", "Ресей империясындағы Қазақстан", "Алашорда", "Ұлы Отан соғысы", "ХХ ғ. ІІ жартысындағы Қазақстан", "Тәуелсіз Қазақстан" кезеңдерінен тұрады. 

 

 Миссияның орындалуы

- Ойнап көрген жандар қалай бағалап жатыр? Кімдер сатып алып жатыр? Мектеп оқушыларының қызығушылығы қалай?

- Ойынды алғаш құрап болған соң, достарыммен бірге көп ойнадым. Олардың қолдауы, қабылдауы мені одан сайын шабыттандырды. 2-сыныпта оқитын баласы бар бір ата-ана сатып алды. Баламды кішкентайынан тарихқа баулығым келеді деді ол. Ойын арқылы қызықтыру таптырмас әдіс қой. Яғни кішкентай балалардан 60-70 жастағы кісілерге дейін бірге ойнай берсе болады. Сол үшін ойын кез келген категориядағы жандарға ұсыныла береді.

Ойнап көрген жандардың көбі - дән риза. "Сізге рақмет, достарым тарихи білімін шыңдап жатыр", "мектепте мүлдем жауап бермейтін оқушыларым осы ойыннан кейін тарихқа қызығып жатыр" деген хаттар жиі келеді. Қазір көп мектепте тарихшылар қолданып жатыр. 17 облыстың бәрінде қамтылып жатыр десем де қателеспеймін. Сұраныс өте жақсы, бұл мені қуантады. Бастысы - әуелгі миссияның орындалуы. Яғни жастардың тарихқа деген қызығушылығын аша алсақ, міне, сол - жетістік. 

"Пайдалы нәрсеге уақыт жұмсаған жөн"

- Қоғам жастарына не жетіспейді? Білімге, руханиятқа, мәдениетке, ғылымға қызықтыру үшін тағы қандай қадамдар жасау керек деп ойлайсыз?

- Қазіргі жастардың қолында бәрі бар. Бірақ олар мұны дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Бос уақыт та, мүмкіндіктер, қажетті гаджеттер - бәрі-бәрі самсап тұр. Өкініштісі, осы алтын уақыттарын дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Әлеуметтік желіде көп отырады, бас қосқандарының өзінде пайдасыз карта, мафия, уно сияқты ойындар ойнайды. Ал осындай қазақи болмысымызға сай пайдалы ойындар қазіргі жастарға аса қажет деп ойлаймын. Кейінгі буынға тарихын танып, танымын арттыратын ойын ойнағандары жөн болар деп ойлаймын. 

- Жауабыңызға рақмет!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Литпин