Мадуро тұтқындалып, елден қуылды - Трамп

Мадуро тұтқындалып, елден қуылды - Трамп
Фото: bbc.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла аумағында "ірі соққы операциясы" жүргізілгенін мәлімдеп, ел басшысы Николас Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, Венесуэладан шығарылғанын жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.

Трамптың айтуынша, операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асқан. Ол толық ақпаратты кейінірек - Флоридадағы Мар-а-Лаго жеке резиденциясында өтетін баспасөз мәслихатында жариялайтынын жеткізді. Мәслихат Вашингтон уақытымен 11:00-де (Астана уақытымен 21:00) өтпек.

CBS News ресми тұлғаларға сүйене отырып, Мадуроны ұстау операциясын АҚШ армиясының арнайы мақсаттағы элита бөлімшесі - Delta Force әскери қызметкерлері жүргізгенін жазады.

Осы тұста Николас Мадуроның Instagram-парақшасындағы соңғы жазба шамамен 9 сағат бұрын жарияланғаны атап өтіледі. Онда Венесуэла президенті Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Латын Америкасы мен Кариб бассейні жөніндегі арнайы өкілі Цю Сяоцимен кездескенін хабарлаған. Сонымен қатар, саясаткер жуырда Instagram стористер де жариялаған. Соңғы жазба астындағы пікірлерде бір бөлігі Мадуроны қолдаса, енді біреулері АҚШ соққыларынан кейін оның қайда кеткенін сұрай бастаған. Трамп мәлімдемесіне дейін Мадуроның нақты қайда екені туралы ресми ақпарат болмағаны айтылады.

АҚШ пен Венесуэла арасындағы шиеленіс

3 желтоқсанда таңертең Венесуэланың астанасы Каракаста жарылыстар болғаны хабарланды. БАҚ дерегінше, қаланың оңтүстігінде электр қуатының үзілген, сондай-ақ, төмен биікте ұшақтар мен тікұшақтар ұшып жүргені айтылған. Каракастың оңтүстігінде ірі әскери база орналасқаны белгілі. Оқиға бейнежазбаға түсіп қалған.

Кейінірек ақпарат құралдары Дональд Трамп Венесуэла аумағындағы нысандарға, соның ішінде әскери нысандарға соққы беруге бұйрық бергенін жазды. Бұған жауап ретінде Николас Мадуро елде төтенше жағдай режимін енгізді. Венесуэла Сыртқы істер министрлігі елдің АҚШ тарапынан әскери агрессияға ұшырағанын мәлімдеді.

CBS News дерегінше, соққылар бірнеше ай бойы АҚШ-тың өңірдегі әскери қатысуын күшейтуінен кейін жасалған: Кариб теңізіне USS Gerald R. Ford және өзге де әскери кемелер орналастырылған.

Кейінгі апталарда АҚШ Венесуэла жағалауында екі мұнай танкерін қолға түсіргені, әкімшілік "есірткі тасымалдады" деп мәлімдеген 30-дан астам қайыққа қарсы өлімге соқтырған соққылар жасағаны, сондай-ақ Трамп "есірткі тиелетін қайықтар жүктелетін док аймағы" деп атаған нысанға шабуыл жасалғаны айтылды.

АҚШ әкімшілігі Мадуроны есірткі саудасына қатысы бар және террористік ұйымдар деп танылған бандалармен байланысы бар деп айыптайды. Ал Мадуро бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Осы аптада Мадуро есірткі, мұнай және көші-қон мәселелері бойынша АҚШ-пен "кез келген жерде, кез келген уақытта" келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген.

Өзге елдердің реакциясы

Венесуэлада болған жарылыстарға алғашқылардың бірі болып Колумбия президенті Густаво Петро үн қатты. Ол Венесуэлаға жасалған шабуылға байланысты БҰҰ мен Америка мемлекеттері ұйымының шұғыл отырысын шақыруға үндеді.

"Қазір Каракасты бомбалап жатыр. Әлемге ескерту: Венесуэлаға шабуыл жасалды. Бомбалау зымырандармен жүргізіліп жатыр. Америка мемлекеттері ұйымы мен БҰҰ дереу жиналуға тиіс", - деп жазды Петро X әлеуметтік желісінде.

Колумбия басшысы АҚШ әрекеттерін айыптап, кейінгі жазбасында "Колумбия үкіметі Венесуэла егемендігіне және бүкіл Латын Америкасына қарсы агрессияны қабылдамайды" деген ұстаным білдірген.

Куба да АҚШ-тың Венесуэлаға шабуылын айыптап, халықаралық қауымдастықтан жедел әрекет етуді талап етті.

Ресейдің Венесуэладағы елшілігі соққылар салдарынан Каракастағы ресейлік дипломатиялық өкілдік ғимараты зардап шекпегенін, елшілік орналасқан аудандарға және оған іргелес бөліктерге соққы жасалмағанын мәлімдеді.

Иран Сыртқы істер министрлігі "АҚШ-тың Венесуэлаға шабуылы БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын ашық бұзу" екенін айтты.

Ал Түркия президентінің бас кеңесшісі Джемиль Эртем АҚШ әрекеттерін "империялық қатігездік" деп атап, Түркия Венесуэла халқын және оның көшбасшысы Мадуроны қолдайтынын мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget