- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мәдина Ералиеваның өлімі...
Мәдина Ералиеваның өлімі қасақана ұйымдастырылғаны рас па?
Мідина Ералиеваның көлік апатына түскені туралы күйеу баласы Оралбай Әбдіқадыр "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, көлікте тек 3 адам болған.
"27 қарашада біз Қазалыдан шықтық. Оразаның бірінші күні еді. Аудан әкімінің үйіне қонаққа келіп, содан бәріміз шыққан едік. Оразада ауыз бекітетін болған соң ешкім ештеңе ішпеді. Шай ішіп, жолға шықтық. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Аудан орталығының МАИ басшысы "сен рөлге отыр" деді. Қасымда Болат пен Мәдина бар. Үшеумізден басқа ешкім жоқ. Мәдина "кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар" деді. Содан көндік. Кетерінің алдында жазған кассетасындағы әндерді қойып, қайта-қайта бізге тыңдатып отырды", - деді ол.
Кейін марқұм әнші Болат "балама қара" деп аманаттаған.
"Мен артқы орындықта отырдым. Сағатқа қарасам, түнгі 2:20 болыпты. Шамамен 20 км жүрдік. Көліктің іші жылы, ән тыңдап отырып, көзім ілініп кетіпті. Мәдина мен Болат әңгімелесіп келе жатты. Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жерге қарасақ, шаң болып жатыр екен. Болат: "Мәдина, блоктан шығарып қой, май жейді" деді. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темірдің ішіне салып, біреу итеріп жіберген сияқты болды. "Мынау қашан тоқтайды" деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Қарасақ, біз кетіп бара жатқан бағытпен емес, қарама-қарсы бағытқа қарап қалыппыз. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді. Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар екен, дереу көлік тоқтатайық деп ойладық. Дереу жолға шықсам, жасыл түсті Жигули кетіп бара жатыр екен. Жағдайды түсіндірдік те, Мәдинаны салонға жатқыздық. "Сен мына заттарды қарап отыр, кейін адамдар жіберемін" деді. Кейін Болат "Мәдина "қара, балама қара" деген бір-ақ сөз айтты" деді. Заттардың бәрін жинадым. Сондай жазатайым жағдай болды",- деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы