- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мәдениеттің төмендігінің белгісі"....
"Мәдениеттің төмендігінің белгісі". Жеңіс Қасымбек тәжік көрмесіндегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, халық қолөнері және ұлттық тағамдары көрме-жәрмеңкесінде түсірілген видеоға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл - мәдениеттің төмендігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі", - дейді әкім.
Жеңіс Қасымбек кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тигенін атап өтті.
"Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқық бұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады", - дейді Жеңіс Қасымбек.
Еске салайық, демалыс күндері Қазақстанның бірнеше қаласында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы және басқа да өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтіп, тауарлардың бітуіне байланысты мерзімінен бұрын аяқталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина