“Мәдениеттен жұрдай“ - Шымбұлақ директоры жастардың кабинаға тас лақтыруы туралы

"Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының директоры Ринат Әбдірахманов бір топ жастың аспалы жол кабинасына тас лақтыруына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінгі күні мәдениет пен сыйластықтан жұрдай кей жастар өз дәрежелерін ашық айуандыққа дейін түсіретіндері ыза келтіреді. Бүгін мен бір топ мәдениетсіз жастардың кабинаға тас лақтырып, онымен қоймай, балағат сөздер айтып жатқан видеосын көрдім.

Кабинада адамдар - еліміздің қонақтары болуы мүмкін екендігін мүлдем ойлап тұрған жоқ. Істің артын ойламай, біреудің мүлкіне залал келтіріп тұрғандарында істері жоқ. Осындай масқара іске куә болған турист не ойлайды? Бұл адамдар тек нақты бір затқа не адамға қастандық жасап тұрған жоқ - олар біздің ұлттық имиджге нұқсан келтіріп тұр. Бұл жастықпен жасалған іс емес, бұл - ұлтты масқаралау. Бұзақылық жазасыз қалмайды! Қатаң шара қолданбасақ, қоғамдағы деградацияның тамырлауына жол береміз, олай жасауға болмайды. Заң мен тәртіп еліміздегі мәдениет пен адамгершілікті күзетуі тиіс!", - деп жазды ол. 

Еске салайық, күні кеше Алматыда аспалы жол кабинасына тас лақтырған жастардың әрекеті видеоға түсіп қалған болатын.

Видеодан бір топ жастың аспалы жол кабинасына кезек-кезек тас лақтырғанын көруге болады.

"Тауып, көздерін көкшитіп, қамау керек шығар. Осылар - Алматыға келіп, дамбал тоздырып, әке-шешелерін күйдіріп жүретіндердің сортынан ғой. Бұзықтық па, балалық па, мәдениетсіздік пе?!", - деп жазды журналист, Respublica партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ришат Асқарбекұлы.

Бұл видео желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Massaget.kz тілшісіне осы жайтқа қатысты түсінік берді.

"Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құқық бұзған жас жеткіншектер міндетті түрде анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылады", - деді Әзірбек.

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз