Мәдениет үйінде қонып жатқан бестөбеліктер вице-премьер мен облыс әкімінің келуін талап етті

Ақмола облысы Степногор қаласының іргесіндегі Бестөбе кентіндегі алтын өндіруші "Алтын Алмас" компаниясы мен жергілікті тұрғындар арасындағы ұзаққа созылған дау әлі де болса шешімін таппай тұр. Тұрғындар өз талаптарының орындалмайынша Бестөбе кентіндегі "Рауан" мәдениет үйінен шықпайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кешеден бері Бестөбе кентіндегі "Рауан" мәдениет үйінде қонып жатқан 100-ден астам адам Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың келіп мәселеге араласпайынша ешқайда кетпейтінін ашық жеткізді. Тұрғындардың айтуынша "Алтын Алмас" компаниясы шахтаны суға толтырып тастаған. Мұнымен қоса халық өздері "Алтын Алмас" компаниясына қойған талаптарының орындалмағанын айтып отыр. Халықпен жиналыс өткізген индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, қала әкімі Алпысбай Қайыржанов, "Алтын Алмас" компаниясының жаңа басшысы Баламир Махановтар келіп, жиналған жұртшылықпен келіссөз жүргізгенімен қос тарап өзара келісімге келе алмады. 

"Бүгінгі таңда шахта 265 метрге дейін суға толған. 14 ақпанда осында жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені реттеуді Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жүктеген. Дегенмен күні бүгінге дейін халықтың "Алтын Алмас" компаниясына қойған талаптары орындалған жоқ. Біз "Алтын Алмас" компаниясына 14 тармаққа бөлінген талаптарымызды жазып бердік. Егер осы талаптар орындалса біз олармен жұмыс істейтінімізді жеткіздік. Оның ішінде 1100 адамнан астам жұмысшының жұмыссыз қалмауын, шахтадан судың шығарылуын, жалақы мәселесінің реттелуін басқа да маңызды талаптарымызды көтердік. Бірақ компания біздің талап еткен тармақтың екеуінен басқа талабымызды орындамай отыр. Олар тек 300 адамды ғана жұмысқа қабылдамақ.  Халық кен орнын басқа инвесторға тапсыруды яки толығымен мемлекеттік меншігіне өткізуді талап етіп отыр. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың да келуін талап етіп отыр. Бұл талаптарымыз орындалмаса халық мәдениет үйін босатпауға бекінген", - дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғыны Қайрат Алатаев. 

Тұрғындардың айтуынша аталған мәселе осыған дейін де бірнеше мәрте қаралған. Үшінші мамырда халықпен кездесу барысында жаңа инвестордың келу мәселесін шешу талап етілген. Одан кейін 22 мамырда халық өз талаптарын қайтадан Үкімет басшысына жолдаған. Бірақ жауап берілетін күннің соңғы күні болса да әлі мәселе шешімін таппағанын айтып отыр. 

"Халықпен кездесу ұйымдастырған облыс әкімінің орынбасары мен вице-министрлер министрлікте аталған мәселе бойынша әлеуетті инвестормен "Алтын Алмас" компаниясының өкілдерімен бірлесіп мәселе қайта қаралатынын айтып халықтың тарауын сұрады. Бірақ халық айтқан талаптарынан таймай мәселе шешілмесе мәдениет үйінен шықпайтынын мәлімдеп отыр. Бізге жеткен ақпарат бойынша Үкімет басшысының орынбасары мұнда келмей Астанада үш күнге форумға барады деген хабар алдық. Бірақ халық өз талаптары орындалмайынша ешқайда кетпейтінін тағы бір мәрте ескерткіміз келеді", - дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев. 

Қазіргі уақытта тұрғындар әлі де болса мәдениет үйінде Үкімет басшысының орынбасары мен облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың келуін күтіп жатыр. 

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!