- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ІІМ Ұлттық ұлан...
ІІМ Ұлттық ұлан бастығы орынбасарының ұсталғанын растады
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан бас қолбасшысы орынбасарының ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде бұған дейін Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасарының ұсталғаны туралы қауесет тараған еді. Хабарламада генерал-майор Константин Воронкиннің, сондай-ақ "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтің аты-жөні аталады. Партия басшысы Азат Перуашев бұған дейін Васильевтің қамауға алынғаны туралы айтқан еді.
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан бастығының орынбасарының ұсталғаны туралы ақпаратты растады.
"ІІМ Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттерін құзыретті органдар ІІМ-мен бірлесіп жүргізіп жатыр", - деп хабарлады министрлік.
Ведомство қолданыстағы заңнама бойынша тергеуді объективті және жан-жақты жүргізілетінін мәлімдеді.
Ұлттық ұланның сайтында Константин Воронкин бас қолбасшының техника мен қару-жарақ жөніндегі орынбасары екені жайлы мәлімет бар. Ол бұл қызметке 2020 жылғы 24 қарашада тағайындалды. Ол 53 жаста, Шымкентте туған. Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі атындағы Самарқан жоғары әскери автомобиль командалық училищесінің түлегі. 2007 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.
Еске салайық, бұған дейін желіде тараған жазбаларда Ұлттық ұлан бас қолбасшысының дәл осы орынбасары ЖШС құрылтайшысы, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтен пара алғаны айтылған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан