Жақында әнші Ұланғасыр Қамиевтің хиджабқа қатысты айтқан сөзі желіде дау тудырған болатын. Осыған байланысты Facebook желісінің қолданушысы Саида Қастанеда өнер иесінің үстінен ІІМ-ге арыз түсіргенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, арыз тіркелді.
"Біздің "дәстүрлі" депутаттар жанжалды азамат Ұланғасыр Камидің үстінен қандай да бір себептермен арыз түсірмегендіктен, олардың орнына мен істедім!
Бүгін е-өтініш арқылы ІІМ-ге ҚР ҚК-нің 174-бабына сәйкес әлеуметтік және гендерлік алауыздықты қоздыру, әйелдерге деген өшпенділікті қоздыру және әйелдерді/қыздарды өз күйеулері, бұрынғы күйеулері, жігіттері және туыстарының өлтіруі мен ұрып-соғуын ақтау туралы мәлімдемелерін тексеру туралы арыз жаздым.
Арыз тіркелді, қандай да бір іс қозғала ма әлде әдеттегідей бола ма, көреміз....", - деп жазған ол.
ҚР Ішкі істер министрлігі бұл деректі растады.
"Арыз тіркелді. Тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады", - делінген Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауапта.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде әншінің хиджабқа қатысты айтып жатқан пікірі тараған болатын. Әнші тікелей эфирде оқырмандарының сұрағына жауап беріп отырған.
"Күйеуі әйелін өлтіріп қойды, анау-мынау дегеннің бәрі хиджаб кимегеннен басталған. Ұстаздар баяғыдан айтып келе жатыр. Ондай оқиғалар көп негізі. Әйелі санын жалтыратып көшеге шығады. Одан кейін біреу оған қызығады. Оны күйеуі не істейді? Барып өлтіріп қояды деген секілді", - дейді әнші видеода.
Сонымен қатар, әнші тағы бір видеода хиджаб киген әйелдер оны шешпейтінін айтады.
"Басын кесіп алса да шешпейді. Шын түсініп киген әйел оны шешпейді. Басқасында шаруам жоқ. Ертең, бұйырса, өз әйеліме кигіземін, басқасында шаруам жоқ. Бұған көнетін әйелді аламын, көнбесе алмаймын. Кимесе "чао" деймін. Себебі санын жалтыратып, ешқайда шығарғым келмейді", - дейді Ұланғасыр Қамиев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!