Биыл жылдың бірінші тоқсанында қылмыстық құқық бұзушылықтардың 191-ін мемлекеттік қызметкерлер жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде, 156 мемлекеттік қызметкер ауыр қылмыс жасаған, 26-сы орташа деңгейдегі қылмыс жасаса, алты адам ауырлығы төмен қылмыс жасаған, ал екі адам аса ауыр қылмыс жасаған.
Қылмыс жасағандардың ішінде 70-і ІІМ қызметкері болса, 10-ы әскери қызметкер, 8-і ҰҚК қызметкері болған. Сондай-ақ, құқық бұзушылық жасағандардың ішінде 3 сот орындаушысы, 2 әкім, прокуратураның, Экономикалық тергеу қызметінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бір қызметкері, бір судья болған.
Мемлекеттік қызметшілер арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың ең көп тараған түрі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету болды.
Танымал баптардың ішінде - пара алу, пара беру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану да бар.
Аймақ бойынша, ең көп қылмыс Жетісу облысында жасалған.
Одан кейін - Павлодар облысы, Астана, Шымкент және Алматы қалалары бар. Ең аз қылмыс Ақмола облысында тіркелген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!