ІІМ референдум қарсаңында азаматтарға үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі референдум қарсаңында азаматтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, мұндай маңызды кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат пен әдейі таратылатын арандату хабарламалары жиі кездесіп жатады.

"Олардың мақсаты - қоғамды адастыру және жағдайды тұрақсыздандыру. Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамуына байланысты жалған контент жасау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Аз уақытта адамдарды жаңылыстыратын жалған материалдар тарауы мүмкін. Көрінеу жалған ақпарат тарату - заңбұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Азаматтарды заң талаптарын сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз. Күмәнді хабарламаларды көрсеңіздер, оны әрі қарай жібермеңіздер. Жалған ақпарат көбіне дәл осылай таралады. Ішкі істер министрлігі референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз етеді", - деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Референдум қашан өтеді?

Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.

Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. 

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған. 

Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!