ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері ел аумағында "Дәрмек" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Операцияны өткізу кезінде өз қызметінде медициналық препараттарды пайдаланатын 900-ге жуық кәсіпорын мен ұйымдар тексерілді. Есірткі және улы заттармен жұмыс істеу саласында 22 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. 230 адам, оның ішінде 48 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сақтау ережелерін бұзғаны үшін 43 келі есірткі және психотроптық заттар, 9 мыңнан аса дәрі және медициналық препараттардың 15 мыңға жуық ампуласы тәркіленді. Лицензиялау нормалары бұзылған және техникалық нығайту талаптарына сай келмейтін сақтау объектілеріндегі 3 мың тоннадан аса прекурсордың айналымы шектелді.
"Мысалы, тексеру барысында Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік объектілерінің бірінде улы заттармен жұмыс істеу ережелері бұзылғаны анықталды. Ол жерден 45 келі сынап табылып тәркіленді. Сонымен қатар, елордадағы медициналық ұйымдардың бірін тексеру кезінде есірткі құралдарын сақтау және жою ережелерінің бұзылғандығы анықталып, 350 ампула морфин тәркіленді. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін 160 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылады. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр", – деді департамент басшысы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз