Астанадағы әуе базасында ІІМ әскери-тергеу департаментінің қызметкері Бауыржан Камалиев МИ-17 жауынгерлік тікұшағын 15 метрге жылжытып, рекорд орнатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл - полиция қызметкерінің ресми тіркелген төртінші рекорды. Бұрын ол екі локомотивті, 42 тонналық Airbus ұшағын және 10 жол талғамайтын көлікті орнынан жылжытқан.
Шараға қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қатысты. Ведомство басшылары спортшыны жаңа жетістігіне құтты болсын айтты.
Оған Қазақстан рекордтар кітабы ұйымының атынан арнайы сертификат табысталды.
"Бүгін бәріміз Қазақстан рекордының куәгері болып отырмыз. Күштік экстрим саласындағы белгілі спортшы, ІІМ қызметкері Бауыржан Камалиев біздің кеңсемізге өзінің ұсынысымен шықты. Ол бұрын да өзінің рекордтарымен елімізге, әлемге танымал болған. Біз мұндай спортшыларды әрдайым қолдауға дайынбыз", - деді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Бауыржан Камалиев жаңа рекордқа үш ай дайындалған. Оның базалық спорт түрі – ауыр атлетика.
Пауэрлифтингтен еліміздің спорт шебері ішкі істер органдарында 15 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!