ІІМ Алматы облысының прокуратурасы мәліметінде казинода ойын ойнаған полицейлер саны асыра көрсетілгенін және құмар ойыншылар қалай жазаланатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ойын мекемелеріне барғаны анықталған полиция қызметкерлеріне тексеріс жүргізілді. Іс жүзінде 88 полиция қызметкері анықталды, ақпаратта бірқатар полицей деректері қайталанады (Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, казинода 97 полиция қызметкері байқалған - еск.). Оның 17-сі ішкі істер органдарынан бұрын босатылған.
Ойын бизнесімен айналысқаны анықталған қызметкерлерге "Құқық қорғау қызметі туралы" заң талаптарына сәйкес тәртіптік жаза қолданылды", - делінген Tengrinews.kz сайтына жолдаған министрліктің ресми жауабында.
Ішкі істер министрлігі барлық деңгейдегі басшымен және жеке құраммен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне де, мемлекеттік қызметшілерге де қатысты қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін түсіндірді.
Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл 88 қызметкердің кім екенін, қандай қызмет атқарғанын, жылдық жалақысы қанша, ойынханада қанша ұтылғанын мәлімдеуден бас тартқан.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы тексеріс жүргізіп, 305 қазақстандық шенеунік ойынханада 507 миллион теңге жұмсағанын анықтады. Тексеріс қорытындысы құзырлы органдарға тапсырылған.
Анықталған мемлекеттік қызметшілер арасында:
- Ішкі істер министрлігі - 97;
- Қорғаныс министрлігі - 95;
- Қаржы министрлігі - 25;
- Жоғарғы сот - 7;
- Қаржы мониторингі органдары - 15;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдары - 3;
- әкімдіктер - 36;
- басқа да мемлекеттік органдар - 27.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!