ІІМ қате келген айыппұлдарға қатысты мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрлігі өкілдері тасжолдардағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, қазір айыппұлдар бойынша бірқатар сұрақ туындаған.

"13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның "ЕРАП" ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір деректер бір сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

ІІМ өкілі жүргізушілерге ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ екенін, қате нұсқамалар анықталғанын және олар автоматты түрде жойылатынын мәлімдеді.

"Мәселе тек тасжолдарда техникалық ақау салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр. Ал мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі пысықталып жатыр. Жағдай бақылауда", - деді Мұрат Қабденов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!