- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ІІМ интернет алаяқтардан...
ІІМ интернет алаяқтардан қалай сақтану керегін айтты
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев қазақстандықтарға интернет алаяқтардан қалай сақтану керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзіне сенсек, елімізде алаяқтық дерегі көбейген.
"Соңғы кезде алаяқтар мемлекеттік органдар мен ірі жеке ұйымдар басшыларының атынан жалған аккаунттар ашып, адамдарды алдау фактілері жиілеп кетті. "Құқық қорғау органдарының қызметкерлері" байланысқа шығып, олардың барлық талабын орындау қажет екенін айтады. Осындай манипуляциядан кейін алаяқтар азаматтардың атына несие рәсімдейді", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен брифингте.
Ресми өкілдің айтуынша, қаскөйлер керек ақпаратты WhatsApp және тағы басқа мессенджерге "Туысыма дауыс беріңіз, сіз сыйлық ұтып алдыңыз" деген сілтемелерді жіберу арқылы алады. Адам сілтемеге өткеннен кейін, қылмыскерлер ұялы телефондағы контактілер тізіме ие болады.
"Мұндай қауіпті сілтемелерді алаяқтар онлайн ойындарда да пайдаланады. Телефонның бұғатталуы туралы хабарлама көрсетіп, ересектерден де, балалардан да ақша талап етуі мүмкін", - деді ол.
Шыңғыс Алекешев алаяқтардың құрбаны болмас үшін төмендегі ережелерді сақтауға кеңес берді:
- Күдікті сілтемелерге өтпеңіз. Егер сіз сілтемені ашып қойған болсаңыз, мессенджеріңізге қосылған барлық құрылғыны өшіріңіз;
- Бейтаныс абоненттерден түскен бейнеқоңырауларға жауап бермеңіз;
- Банктер, брокерлік, инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалған нұсқауларды орындамаңыз. Есіңізде болсын, арнайы операция телефон арқылы жүргізілмейді;
- Жеке ақпаратты, банк карталарының CVV-кодтарын, аударымдар туралы түбіртектерді, сондай-ақ, СМС-кодтар мен құпия сөздерді ешкімге бермеңіз;
- Бөгде адамдардың өтініші бойынша телефоныңызға қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпаңыз;
- Күмәнді инвестициялық жобаларға қаражат салмаңыз;
- Мобильді қосымшаларды орнату үшін тек ресми AppStore және Play Market платформаларын пайдаланыңыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен