Қазақстанда электромобильдерге арналған бөлек мемлекеттік тіркеу нөмірлерін енгізу жоспарланып отыр. Ішкі істер министрлігі жеңіл және жүк электромобильдеріне, электрлі автобустар мен мотоциклдерге арналған жаңа нөмір үлгілерін қарастыратын өзгерістерді әзірледі. Олардың басты ерекшелігі — өңір коды жазылатын бөлігі жасыл болады, деп хабарлайды Massaget.kz.
Өзгерістерге сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың электромобильдеріне бөлек нөмір түрлері қарастырылады. Олардың үлгісі көліктің санатына және нөмірдің орнатылатын орнына қарай ерекшеленеді.

Мәселен, жеңіл электромобильдердің алдыңғы және артқы бөлігіне орнатылатын нөмірлердің үлгілері әзірленген. Жүк электромобильдері мен электрлі автобустарға да бөлек нұсқалар қарастырылған. Сондай-ақ электрлі мотоциклдер мен мотороллерлерге арналған арнайы нөмірлер пайда болады.

Жаңа нөмірлердің негізгі түсі ақ, ал өңір коды жазылатын бөлігі жасыл болады. Цифрлар, әріптер және KZ белгісі қара түспен жазылады.
Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электромобильдер үшін бөлек үлгілер қарастырылған. Олардың нөмірі көк түсті, өңір кодының аясы жасыл, ал таңбалары ақ болады.

Өзгерістер дипломатиялық көліктерге де қатысты. Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің қызметтік және жеке электромобильдеріне, құрметті консулдардың, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың көліктеріне арналған жаңа нөмір үлгілері енгізіледі.

Бұл санаттар үшін бөлек түстер қарастырылған. Атап айтқанда, дипломатиялық нөмірлер қызыл, ал шетелдік көліктердің бірқатар өзге санатына арналған нөмірлер сары болады. Олардың да өңір коды жазылатын бөлігі жасыл түспен ерекшеленеді.

№831 бұйрықтың 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі көзделген. Алайда нөмірлердің жекелеген санаттарына қатысты өзгерістердің бір бөлігі ертерек, яғни құжат алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілуге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін электромобильдерге жасыл нөмір беру туралы ұсыныс қолдау таппаған еді. Оған мұндай белгілердің мемлекеттік қызметтердің қолданыстағы арнайы нөмірлерімен шатастырылуы мүмкін екені себеп болған.
Оның орнына электромобильдерді нөмір жүйесін өзгертпей-ақ ажыратуға мүмкіндік беретін арнайы жапсырмалар енгізілген болатын.
О. Сансызбай