Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха пробациялық бақылауды бұзғаны үшін айыпталған депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасарынан пробациялық бақылаудың орындалуын қадағалауға тиіс қызметкерлерге қатысты министрлік тексеру жүргізе ме, жоқ па деген сауал қойды.
"Біз бұл іс бойынша қызметтік тексеру жүргіздік. Қатаң шаралар қолданылды, біздің қызметкерлер жазаланды", - деді Лепеха.
Еске салайық, бұған дейін сот депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты шешім шығарған еді.
2023 жылғы 11 ақпанда әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.
Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео тарады. Оқиға 11 қазанда Алматыда болған.
Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандығын айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.
Ал журналистер оның әкесі, Мәжіліс депутатынан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойды.
"Білген жоқпын. Бұл іске араласқым келмейді. Жас қой әлі... Онымен үнемі сөйлесетінмін. Қай әке баласының жаман болғанын қалайды? Әрине, бұл туралы ойлаймын. Біз оған қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ неге және қалай болғанын білмеймін. Жасы небәрі 21 жаста болса да, соңынан аңдып жүр. Егер оның психикасына зардап тисе, кім жауапты? Сондықтан айтарым - менің балам өте жақсы, тәрбиелі. Енді достарымен араласа алмай ма? Туған күн кешіне баруға болмай ма? Бұл туралы қатты алаңдаймын. Баламның денсаулығы да алаңдатады", - деді Тұрлыханов Мәжіліс кулуарында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз