ІІМ ауқымды операция өткізді: бірнеше адам ұсталды

Ішкі істер министрлігі еліміздің бірқатар өңірінде синтетикалық есірткі өткізу арналарын жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында қала тұрғыны ұсталып, одан екі келіден аса альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Күдікті өз кінәсін мойындаған.

Ең ірі мегаполисте тағы бір күдікті ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде шамамен бір келі синтетикалық есірткі мен психотроп әсері бар дәрілер тәркіленген.

Шығыс Қазақстан облысында интернет дүкен кураторының тапсырмасымен өңірлерге есірткі тасымалдаумен айналысқан Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Күдіктіден екі келіден аса есірткі тәркіленді.

Қарағанды облысы Алматы - Екатеринбург тасжолында ірі көлемде синтетикалық есірткі тасымалдаған есірткі таратушы ұсталды. Көлік салонын тінту барысында бір келі альфа-PVP синтекалық есірткісі тәркіленді.

"Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы алты келіден асады. Бұл заңсыз айналымға түсуі мүмкін 18 мыңнан аса бір реттік дозаның жолы кесілгенін білдіреді. Бұл жайттарға қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!