ІІМ ауқымды операция өткізді: 678 адам елден шығарылды

ІІМ ауқымды операция өткізді: 678 адам елден шығарылды
Фото: Midjourney

Қазақстанда бес күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан аса дерегінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2,5 мыңнан аса шетелдік Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін бұзған. 862 шетелдік тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген.

499 қазақстандық жұмыс беруші заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан. 3 мыңнан аса адам ішкі істер органдарына шетелдік азамат өзінің үйінде тұратынын хабарламаған.

"Барлық құқықбұзушы жауапқа тартылды. Сонымен қатар, 678 шетелдік азамат елден шығарылды, енді оларға Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынады", - деді ІІМ өкілдері.

Алғаш рет Мысыр азаматтары заңсыз жұмыс істегені анықталған. Қарағандыда ірі құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген осы елдің 14 азаматы табылған.

Алматы облысының Жамбыл ауданында көші-қон қызметкерлері заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 12 ҚХР азаматын анықтады. Олардың да тиісті рұқсат құжаттары болмаған.

"Бұл жағдайлар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды, соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ өкілдері.

Ал Алматы облысында полиция қызметкерлері ХҚКО-ның үш қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын анықтаған. Олар жеке басының пайдасы үшін заңды бұзып, мигранттарды заңдастыру үшін жалған құжаттар жасаған. ҚР ҚК 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget