Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Алматыдағы мектептердің бірінде жеті жастағы баланы зорлау оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет кулуарында Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанда мектеп оқушыларының зорлану деректерінің көбеюіне не себеп екенін және істі ведомство қалай тексеріліп жатқанын сұрады.
"Бұл іс соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген, сондықтан соталды тергеп-тексеру басталды, мен тергеу барысы туралы пікір бере алмаймын немесе алдын ала болжам жасай алмаймын. Процестік заң бұған тыйым салады. Сондықтан тергеу нәтижесін күтейік. Әзірге күдіктілер жоқ, қажетті сараптамалар тағайындалды", - деді Қожаев журналистің сұрағына жауап беріп.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары Алматыдағы мектептердің бірінде 7 жастағы бала зорланды деген мәліметті тексеріп жатқаны хабарланған болатын. Полиция қызметкерлері анасының оқушыға зорлық көрсетілді деген сөзінен кейін қылмыстық іс қозғады.
Бірінші сынып оқушысының жәбір көргені туралы ақпаратты анасы хабарлады. Әйел 7 жастағы балаға не болғанын егжей-тегжей сипаттап, видеоға түсіріп алған.
Алматы полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
"Істің объектив мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда", - деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Кейін Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!