Оқу жылы басталғалы бері Алматы тұрғындары автобустарда адам саны көбейгенін айтып, әлеуметтік желіде үнемі шағымданып жүр. Олардың сөзінше, жолаушылар көлігі ұзақ уақыт келмейді және ішінде ылғи адам лық толы болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
19 қазанда қала тұрғыны әлеуметтік желіде видео жариялады, кадрда №38 бағыттағы лық толы автобусқа адамдар қалай мініп жатқаны көрінеді.
"Автобус қозғалып кетіп, біреу көліктің астына түссе, кім жауап берер еді?" - деп жазды жазба авторы.
Оның сөзінше, бұл - күн сайын жүз мыңдаған тұрғынның жанайқайы.
"Адамдар 22, 38, 118-ші және басқа да ондаған бағыт туралы жазып жатыр. Барлық жерде бірдей көрініс: қысылған халық, көз жас, есікке сүйеніп тұрған адамдар. Осыдан кейін әкімдік пен көлік басқармасы бәрі қалыпты, кесте сақталып жатыр деп қалай айта алады?" - деп кейіді ол.
Алматы тұрғынының шағымына қала әкімдігі өкілдері жауап берді. Баспасөз қызметі мәліметінше, №38 автобус бағытының жұмысын жақсарту үшін бұған дейін қозғалыс кестесі түзетіліп, рейстер саны көбейтілген және автобустардың аялдамада тұру уақыты қысқартылған.
"Жолдардағы көлік кептелісі салдарынан, әсіресе, қарбалас уақытта, автобус кешігіп, кестеден ауытқып жатады, бұл қоғамдық көлікті күту уақыты ұзаруына және аялдамаларда жолаушылар жиналуына әкеп соғады. Рейстер санын көбейту, қозғалыс кестесін түзету мәселені толық шешуге мүмкіндік бермейді", - деп түсіндірді әкімдік өкілдері.
Қалалық әкімшілік өкілдері кептеліс желіде автобустар саны жеткілікті болса да, айналым рейсінің уақытына, қозғалыс тұрақтылығына айтарлықтай әсер ететінін айтты.
Ведомство өкілдері күн сайын қоғамдық көлік жұмысын қадағалап, жолаушылар саны мен тұрғындардың өтініштері қаралатынын мәлімдеді. Мониторинг нәтижесі бойынша қажет болған жағдайда қозғалыс схемалары түзетіледі, жаңа бағыттар ашылады немесе қосымша автобустар қосылады.
Бұдан бөлек, қарбалас уақытта ең көп жүктеме түсетін бағыттарға барынша көп көлік шығаруға мүмкіндік беретін жеке қозғалыс кестелері кезең-кезеңімен енгізіліп жатқаны айтылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз