Соңғы уақытта лудомания тақырыбы әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде жиі көтеріледі. Бұған қоса, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев лудомания бойынша заң қабылдауды жеделдетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі психолог Данияр Ареновтан лудоманға қалай көмектесу керегін сұрап, Түркістан облысында Президент тапсырмасы қалай орындалып жатқанын анықтады.
Құмар ойындарға патологиялық әуестік диагнозын қою үшін зиянды тәуелділік кем дегенде 12 ай бойы байқалуы керек.
"Егер науқаста құмар ойындарға патологиялық әуестік анықталса, онда әдеттері мен әуестігі бұзылған, оның ішінде құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамды динамикалық байқауға алу динамикалық байқау қағидаларына сәйкес жүргізіледі, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқауды тоқтату", – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің хабарламасында.
Психикалық, мінез-құлық бұзылыстары бар адамды динамикалық байқауға алу кезінде алғашқы тексеру жүргізіледі, динамикалық байқау тобы, тексерулердің кезеңділігі, Денсаулық сақтау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру қажеттілігі айқындалады, емдеудің жеке жоспары, оңалтудың жеке бағдарламасы жасалады.
Көбінесе лудоманға қарызға қаражат беріп, оған көмектесетін таныстары болады. Психологтың айтуынша, лудоманға қарыз беруге болмайды.
"Мен ең алдымен оған ақша берудің және оның қарызын жабудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Лудоман жауапкершілікті өз мойнына алуды үйренуі керек. Сонымен қатар оны айыптауға, ұрысуға, айғайлауға, кінәлауға болмайды. Бұл әдіс тиімсіз", – деді психолог Данияр Аренов.
Сондай-ақ психолог "ұлының, ағасының, әкесінің" лудоман екенін туыс-таныстарға ескерту керек деп санайды.
"Жақыныңызға мұқият қарау керек, оның бойындағы өзгерістерді байқауға тырысу керек, неғұрлым ертерек болса, соғұрлым жақсы. Қолдау көрсетіп, оңалтуға көмектескен жөн. Кейбір жағдайларда өзіңіз де тәуелділік курсын өтуіңізге болады. Бірақ өзіңізге де уақыт бөліп, өзіңізді шектемеу және кінәламау өте маңызды", – деп қосты ол.
Психолог өзінің лудоман екенін түсінген және аурумен күресуге дайын адамдарға кеңес берді.
"Ең бастысы – тәуелді екеніңізді мойындау. Ұтыс тігу, несие алу мүмкіндігін бұғаттаған жөн. Оңалту орталығын тауып, олардың бағдарламасын, тәжірибесі мен мамандардың деңгейін мұқият зерделеу қажет. Мемлекеттік ақысыз және жеке ақылы оңалту бағдарламалары бар. Қазір айналысып жүрген ісіңізді аяқтап, ұзақ мерзімді оңалтуға бейімделіңіз. Отбасыңызбен, достарыңызбен сөйлесіңіз, өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз және жақын адамдарыңыздан қолдау іздеңіз. Қолдау топтарына, анонимді ойыншылар қауымдастығына қосылыңыз", – деді психолог.
Данияр Аренов смартфондардан ұзақ уақытқа бас тартып, батырмалы телефонға ауысып, күн тәртібін құрып, оны қатаң сақтауды ұсынды.
Мемлекет басшысы соңғы Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде лудомания жас ұрпаққа орасан зор зиян келтіретінін, онлайн құмар ойындар балалардың күнделікті бос уақытын алатынын айтты. Осы жағымсыз құбылыспен күресу үшін Мемлекет басшысы Үкіметке осы зиянды тәуелділікті заң жүзінде шектеп, лудоманиямен күресудің кешенді жоспарын бекітуді тапсырған еді.
Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Түркістан облысында лудоманияға (құмар ойындарға тәуелділікке - еск.) қарсы күрес жолында бірқатар шара қолға алынған. Мысалы:
Сонымен қатар Арыс қаласында лудоманияға қарсы күрес бағытында рейдтер мен тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұл іс-шараларға Арыс қаласының ішкі саясат басқармасы жанындағы "Жастар ресурстары орталығы", Арыс ауданының прокуратурасы және Арыс ауданының полиция бөлімі қатысты. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді. "Жастар ресурстары орталығы" 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын алу бойынша 11 іс-шара өткізді. Атап айтқанда, Арыс қаласының мектептерінде "Егер сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді", "Құқықбұзушылықтың алдын алу" және "Тәрбие бесіктен басталады" тақырыптарында семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ "Құмар ойындармен айналыспаңыз" тақырыбында киносеанстар және "Лудомания – қоғам ауруы" семинар-тренингі өткізілді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз