“Лудомания – қоғам дерті“. Психолог ойынқұмар адамдардың жақындарына кеңес берді

“Лудомания – қоғам дерті“. Психолог ойынқұмар адамдардың жақындарына кеңес берді
Фото: depositphotos.com

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығы КММ-нің бастамасымен Келес, Созақ, Мақтаарал, Сауран, Кентау қала, аудандарында лудомания деңгейін азайту және бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында "Лудомания – қоғам дерті" атты облыстық форум өтті.

Форумға 600-ге жуық жастар мен 25 психологтар қатысты. Ордабасы ауданында "Лудомания – қоғам дерті" атты семинар-тренинг өтті. Қоғам дертіне айналған осы індет туралы іс-шара еркін форматта өтіп, өңірдегі жасөспірімдер, студенттер және психолог мамандар қатысты. 100-ге жуық жас қамтылды. Форумға 14 жылдық тәжірибесі бар психолог-психотерапевт Серікгүл Сали де қатысқан болатын. 

Massaget.kz тілшісі психолог-психотерапевт Серікгүл Салимен ойынқұмарлық жайлы сөйлесті.

Лудомания деген не?

Лудомания — науқастың азарттық және компьютерлік ойындарға патологиялық әуестігіне тән тәуелділіктің кең тараған түрі. Бұл кезде ойынқұмар адам қоршаған факторлар мен өмірде болып жатқан жағдайларға қарамастан, үнемі ойын процесіне еніп кетеді. Лудоманияның салдарынан көптеген отбасы ойран болды.

Психологтың айтуынша, ойынқұмарлық ауруға жатады.

"Ойынқұмарлық ауруға жатады. 7 жылдай уақыт болды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты "тәуелділік ауруы" деп белгіледі. Әрбір ауруға өзінің тағайындалатын диагнозы және коды болады. Сондықтан оның емделу стандарты да бар", – дейді Серікгүл Сали.

Ойынқұмарлықтың түрлері

Түрлі жастағы және жыныстағы адамдар ойынқұмар болуы мүмкін. Ойынқұмарлықтың бірнеше түрі болады:

  • Казинодағы азарттық ойындар және ойын автоматтары. Бұл ойынқұмарлықтың ең жиі тараған түрі. Азарттық ойындардың ішінде ойын автоматтары, карта ойнау және интернет-казинолар өте көп тараған.
  • Компьютерлік ойынқұмарлық. Бұл – жасөспірімдер арасында ең кең тараған тәуелділіктің бірі. 
  • Спортқа ұтыс тігу. Бұл кезде адам азартқа кіріп кетеді. Ол жылдам және оңай ақша тапқысы келеді.
  • Инвестициялық ойынқұмарлық – бұл да жылдам байып кетумен байланысты. Адам бұл кезде қаржылық пирамидаларға қатысады, криптовалюта нарығында ойнайды және басқа да күмәнді инвестициялық жобаларға қатысады.

Ойынқұмарлықтан өз бетінше арылу мүмкін бе?

Кез келген тәуелділік, соның ішінде лудомания да ойынқұмар адам үшін және оның жақындары үшін жағымсыз салдарларға әкеледі. Ойынқұмарлықты емдемесе, отбасыда проблемалар, яғни жақын адамдарымен қарым-қатынасы бұзылады. Сондай-ақ қаржылық проблемаларға әкеледі: қарыз көбейеді, коллекторлар мазалайды және т.б. Бәрінен де науқастың психикасы бұзылуы мүмкін, мысалы, оны суицид жайлы ойлар мазалауы мүмкін немесе ол заңды бұзуы ықтимал.

Психотерапевт Серікгүл Сали ойынқұмарлықпен қиналсаңыз немесе жақыныңыздың ойынға тәуелді екенін білсеңіз, білікті мамандарға жүгінуге кеңес берді. 

"Бұл ауру болғандықтан, одан өз бетінше арылу мүмкін емес. Ол кісілерге көмек керек", – деді психолог.


depositphotos.com

Ойынқұмар адамдардың жақындарына кеңес

Психотерапевт Серікгүл Сали ойынқұмар адам жақындарымен бірге кешенді түрде емделу керегін еске салды.

"Біріншіден, ойынқұмарлықтың ауру екенін түсіну керек. Екіншіден, мұндай адаммен бірге тұратын адамдардың да жан дүниелері ауруға шалдығып қалады. Себебі, бұл – айналасын жалмайтын, құртатын ауру. Тұрақтылық жоқ, созылмалы күйзелісте жүргендіктен, ол кісілердің де психикасына күш түседі және жан дүниелері ауруға шалдығады. Сондықтан ойынқұмарлықтан емделу кешенді түрде жақындарымен бірге іске асады. Жақындары ең құнды сезімдерінен айырылуға байланысты емделеді. Мысалы, ол кісілер өзгелерге сенімін жоғалтады, жарқын сезімдерді сезінбейді. Сондықтан тәуелді адамға тәуелді болып қалады. Бұл кісілерге берілетін басты кеңес – бұл кісіні ойынқұмарлық ауруына шалдыққан ауру адам деп біліңіз, ол айтқан сөздерінде тұрмайды, берген уәдесін орындамайды. Ол кісіге сеніп, оның манипуляциясына түсіп, одан сайын барлығын құртуға атсалыспау керексіз. Ең бастысы, мамандардың көмегіне жүгініңіз. Бұл тұмандалған сезімнен арылу және емделу үшін мамандардың көмегі керек", – дейді қазақстандық психотерапевт.

Қандай адамдар ойынқұмар келеді?

Мамандар лудоманияны ішімдікке салынумен және нашақорға тәуелділікпен салыстырады. Себебі бұл тәуелділіктердің пайда болу механизмі бір-біріне ұқсайды.

Ойынқұмарлықтың пайда болу кезеңдері:

  • Ұтыс: адам жеңістің немесе оңай ақша алудың "дәмін" сезеді. Тіпті азғантай ұтыстың өзі патология дамуының бастамасы болуы мүмкін. Себебі адам қайта-қайта ұтыс кезіндегі сезімді өткергісі келеді.
  • Жеңіліс: ақшасын жоғалтса да, негатив эмоцияларды сезсе де, адам шығынның орнын өтегісі келеді. Сол үшін лудоманияға шалдыққан адам барлық жинағын салуға, несие немесе қарыз алуға дайын болады.
  • Есалаңдық: ойынқұмар үшін оның мақсатына жетуге кедергі келтіріп жатқан барлық адам оның жауына айналады. Ол ойнауға ақшаны тіпті ұрлап алуға дейін барады.
  • Үмітсіздік: бұл кезеңде ойынқұмар адамға өмірінде бақыт пен тыныштық сезімін әкелетін ешқандай фактор қалмайды. Ол ойыннан көңілі қалады, бірақ тоқтай алмайды.

Психолог жиі қандай адамдар ойынқұмар келетінін айтты.

"Арнайы психотиптің адамдары бірнеше себептерге байланысты осы ойынқұмарлыққа шалдығады. Бала кезінде өте жарқын сезімдерді сезінбеген. Ол сондай сезімдерді алғаш ойын арқылы сезініп бастайды. Содан ойынға тәуелділік пайда болуы мүмкін. Оның қандай да бір қорқыныштары бар. Арнайы психотиптің адамдары қорқыныш аясында ойынқұмарлыққа кетеді.

Ал ең жиі кездесетін себеп – әкесімен қарым-қатынасы дұрыс емес адамдар. Әкесінен қорқады, онымен ашық сөйлесе алмайды, әкесін білмейді, әкесін көрмеген, оны қабылдамайды, оған үлкен өкпе-реніші бар, әкесімен қандай да бір шайқас бар. Бұл да лудомания ауруына әкеледі", – дейді Серікгүл Сали.

Еске салайық, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы күресті күшейту бағытындағы заңға қол қойған болатын. Осы орайда Түркістан облысында лудоманияға қарсы жұмыстар басталып кетті. Мысалы, Арыс қаласы бойынша лудомания немесе ойын бизнесімен күресу мақсатында Жастар ресурстық орталығы, Арыс аудандық прокуратурасы, Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, рейдтік жұмыстар жүргізілді. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді. Жастар ресурстық орталығыкоммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылдың 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын алу профилактикалық жұмыстары бойынша 11 іс-шара ұйымдастырды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жапатова