Лудомания - бүгінгі заманның кеселі

Лудомания - бүгінгі заманның кеселі
Фото: Кентау қалалық "Жастар ресурстық орталығы" КММ

Лудомания - бүгінгі заманның ауыр кеселдерінің бірі. Мамандар мұның алғашында адамға айтарлықтай байқалмайтынын, яғни адамның өзі бастапқыда ойынқұмарлықты қалыпты жайт деп қабылдайтынын айтады. Ал кейде бәрін түсінген кезде кеш болып жатады. 

Психологтар "адам тіпті уақытында тоқтауды білмей қалады, лудоманияны өз бетінше жеңу қиын", - дейді. Бұл тұста мемлекет лудоманиямен күрес шараларына баса мән береді. Сол үшін өңірлерде жауапты органдар жастар арасындағы ойынқұмарлықтың алдын алу үшін бірқатар шара өткізіп жатыр. Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы Кентау қалалық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-ның басшысы Азат Сұлтан Бақытұлымен тілдесіп, "адамды санадан, ақыл-естен айыратын құмарлықпен" күресте қандай маңызды шаралар жүзеге асырылғанын сұрады.

- Түркістан облысында лудоманиямен күрес мақсатында республикалық, облыстық, қалалық көлемде түрлі іс-шаралар атқарылып жатқанын білеміз. Ал Кентаудағы ахуал қандай? Жастар арасында мұның зиянын насихаттауда қандай шараларды қолға алдыңыздар? 

- Бұл бағытта Кентау қалалық "Жастар ресурстық орталығы" КММ нақты жоспарлар құрған. Сол жоспарларға сәйкес уақытылы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Соның ішінде орталықтың ұйымдастыруымен өткізілген "Лудомания - қоғам дерті" атты облыстық семинар тренингті ерекше атап өтуге болады.

- Бұл семинардың ерекшелігі қандай болды? Іс-шараға кімдер қатысты?

- Бұл жиын екі кезеңнен тұрды. Кемел келешек кілті - жастар үшін маңызды іс-шараға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова қатысып, ойынқұмарлық қандай зардаптарға әкеп соғатыны, оның қалай алдын алу керек екені жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ, еліміздің болашағы адал, саналы, білімді, талапты, талантты жастарға тікелей байланысты екенін жеткізді.

- Бұл іс-шараға Түркістан облысының он жеті ауданы, оған қоса қаланың "Жастар ресурстық орталығының", білім беру нысандарының өкілдері, психологтар, сарапшылар, қала жастары қатысты. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиал директоры Айнұр Идирисова, экономикалық тергеп тексеру департаменті екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, педагогика ғылымдарының магистрі, практик психолог Айсұлу Тұрсынбаева әртүрлі бағытта жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, кәсіби мамандар, сарапшылар іс-шараға қатысушылармен пікір алмасты.

- Жастар арасында лудоманияның алдын алу үшін қандай әдіс-тәсілдер қолданасыздар? Қандай тәжірибеге сүйенесіздер?

- Ойынға тәуелді жастар мен олардың туыстарына кәсіби көмек көрсете алатын мамандардың жеке тәжірибесі негізінде арнайы техникалар, әдіс-тәсілдер, тәжірибелік дағдылар қолданылады. Жастармен тығыз байланыста жұмыс істейтін мектеп және орта арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог мамандары өзара пікір-алмасып, әдіс-тәсілдерімен бөлісіп тұрады. Іс-шаралар барысында кәсіби мамандар нашақорлық, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау, алаяқтық және басты тақырыптың бірі - лудомания мәселелері аясында сауалдарға жауап береді.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Лудомания бүгінгі күні жастар арасында өте қауіпті "дерт" болғандықтан, жастар орталықтары мұндай маңызды мәселеге бей-жай қарамайды. Сол үшін қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді жоспарларымыз бар. Алдағы уақытта да ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сол арқылы болашағымыздың кепілі - жастардың ақыл-ой саулығына зор мән беріп, олардан жаман әдеттерден сақтандыруды көздейміз.

Суреттер: Кентау қалалық "Жастар ресурстық орталығы" КММ

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің "Талантты жастарды қолдау" бөлімінің басшысы Қайрат Ақтөре Мейіржанұлымен сұхбаттасып, өңірде лудоманияға қарсы күрес шаралары қалай атқарылып жатқанын сұраған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова