Лудоман Қарағанды тұрғынынан ұрлаған 14 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген. Бұл туралы ІІМ өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағандыда полицияға сауда ұйымдарының бірінің 40 жастағы басшысы өтініш білдірді. Ол 14 млн теңге ұрлаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған.
Полицейлер жәбірленуші күдіктімен таныс емес екенін, оның тек есімін білетінін анықтады.
Күдікті өтініш берушіден бір-екі күннен кейін барлық соманы қайтаратынына сендіріп, 1,7 млн теңге қарыз беруін сұраған. Жәбірленуші келісіп, қарыз алушы кепіл ретінде жеңіл көлігін тастап кеткен. Келесі күні сауда ұйымының басшысы осы көлікті банктік шотқа аудару үшін 14 млн теңге сомасында қолма-қол ақша алып, жұмысқа келген.
Біраз уақыттан кейін оған қарыз алушы келіп, салонда қалған ноутбукты алу керек екенін түсіндіріп, көлікті ашуды өтінеді. Жәбірленуші оның өтінішін орындап, өз жұмысымен кеткен. Біраз уақыттан кейін ол көшеге шығып, 14 млн теңге болған көліктің жоғалып кеткенін біледі.
Ер адам күдіктімен байланысуға тырысқан, бірақ ол телефонын өшіріп тастаған.
Полиция Алматы облысының 35 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Ол букмекерлік кеңселердің бірінде үнемі ақшаны ұтысқа тігетінін түсіндіріп, бұл ретте де сәтсіздікке ұшырағанын мойындады. Жинақталған қарызды өтеу үшін жәбірленушіден 1,7 млн теңге қарыз алып, кейін ұтатынына сенген. Кейін оқиға орнынан жасырынып, жәбірленушіге тиесілі 14 млн теңгені тауып алған. Ол барлық ақшаны тағы да ұтысқа тіккен.
"Қазір қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобустан телефон ұрлаған адам да, оны сатып алған адам да ұсталғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!