Астанадағы Шыңғыс Айтматов көшесінде LRT жобасының екінші кезеңін іске асыруға байланысты дайындық жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, қазір инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.
"Шыңғыс Айтматов көшесі бойымен өтетін LRT жобасының екінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау аясында топырақтың құрамы мен қасиетін анықтау үшін инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары атқарылып жатыр", - деді компания өкілдері.
Компания мәліметінше, бұл жұмыстар LRT желісін әрі қарай жобалау және қандай техникалық шешім қолданатынын анықтау үшін қажет.
LRT құрылысы
Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
LRT құрылысы
Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-тың келесі бағыты Қосшыға қарай салынатынын айтқан.
"Қосшы үлкейіп жатыр, ол - Астанаға жүктемені азайтып отырған үлкен серік-қала. Сондықтан Қосшыдан қалаға қарай қатынайтын адам көп, біз келесі кезеңді осы бағытта саламыз", - деді әкім.
Еске салайық, 2025 жылғы 29 қыркүйекте Астанада LRT-тың сынақ режиміндегі жұмысы басталған. Сынақтар кемінде алты айға созылады. LRT-ты биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz