Лондонға көшіп кеткен Сметов тағы бір марапатқа ие болуы мүмкін

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) "Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы" номинациясы бойынша IJF Judo Awards 2024 шорт-парағын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеңейтілген тізімге Парижде (Франция) өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеті жеңімпазы енген еді.

Тізім IJF сайты арқылы көрермендердің дауыс беруі негізінде жасалды. Нәтижесінде жеті үміткердің ішінен үш спортшы таңдалды: қазақстандық Елдос Сметов, Хидаят Гейдаров (Әзербайжан) және Лаша Бекаури (Грузия).

Енді бұл номинация бойынша жеңімпазды IJF сарапшылар комиссиясы анықтайды.

Марапаттау рәсімі 1-2 ақпан күндері Парижде (Франция) өтетін Grand Slam турнирі кезінде өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Халықаралық дзюдо федерациясы 2024 жылғы IJF Judo Awards марапатына үміткерлердің тізімін жариялаған еді. Бұл марапат спорттық маусымның қорытындысын шығарады.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов "Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы" (Male Judoka of the Year) марапатына үміткер болды, ал Ғалымжан Қырықбай "Үздік иппон" (Best Ippon) номинациясына ұсынылды.

"Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы" марапатына үміткер ретінде Париждегі Олимпиада ойындарының жеті жеңімпазы кірген. Ал "Үздік иппон" номинациясында 20 дзюдошының ең үздік техникасы іріктелген.

Ал Елдос Сметовтің өзі Жаңа жылдан соң әйелімен бірге Лондонға көшіп кетті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз