Лондондағы Хитроу әуежайында Лагосқа (Нигерия) BA75 рейсімен ұшуға дайындалған Boeing 787 Dreamliner ұшағы жолақтан шығып кеткен. Лайнердің алдыңғы дөңгелегі асфальттан шығып, шөпті жерге батып қалған, деп хабарлайды Massaget.kz.
The Sun басылымының мәліметінше, оқиға таңғы сағат 10:40 шамасында болған. Алдын ала болжам бойынша, бұған ұшқыштың қателігі себеп болуы мүмкін.
«Таңғаларлығы, ұшақ ұшу жолағынан шығып, шөпті жиекке түсіп кеткенге ұқсайды. Бұған ұшқыштың қарапайым қателігінен басқа не себеп болуы мүмкін екенін түсіну қиын», — дейді оқиға куәгерлерінің бірі.
Ұшақ бортында 215 жолаушы болған. Оқиғадан кейін рейс тоқтатылды.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Кадрларда ұшаққа жедел қызметтердің келгені көрінеді. Мамандар шөпті жерге батып қалған дөңгелекті шығаруға кіріскен.
БАҚ мәліметінше, оқиға әуежай жұмысына да кедергі келтірген.
British Airways әуекомпаниясы рейстің тоқтатылғаны үшін жолаушылардан кешірім сұрады. Лондоннан Лагосқа ұшу уақыты 6 сағат 45 минут болуы тиіс еді.
Оқиға кезінде ұшақ ұшуға толық дайын болған және тұрақтан ұшу-қону жолағына қарай қозғала бастаған.
«Біздің қызметкерлер жолаушыларды діттеген жеріне мүмкіндігінше тез жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Олар жолаушылармен байланыста болып, туындаған мәселелерді шешуге көмектесуде», – деп мәлімдеді әуекомпания.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!