Логопедке қалай тегін баруға болады? Нұсқаулық

Егер балаңыздың тілі кеш шығып жатса, оны логопедке тегін апара аласыз. Ол үшін алдымен психологиялық-медициналық-педагогтік консультациядан (ПМПК) жолдама алуыңыз тиіс. ПМПК деген не және ол жаққа баланы неше жастан бастап апаруға болады? Бұл сұрақтарға Жамбыл ауданының №4 облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік консультацияның басшысы Альмира Айдарбекова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ПМПК-ға қандай балалар келе алады?

Кей ата-аналар ПМПК-ға тек мүгедектігі бар балалар бара алады деп ойлайды. Алайда Альмира Айдарбекова оны жоққа шығарды.

"Ерекше білім беруді қажет ететін барлық бала ПМПК-ға келіп, мемлекеттік қызмет ала алады. Мүгедектігі бар немесе мүгедектік рәсімделген балалар ғана ПМПК-ға келеді деген қате пікір. Бала дүниеге келгеннен бастап психо-физиологиялық дамуында тежелу байқалатын болса, ата-анасының қалауымен бізден диагностика ала алады. Құжатқа сәйкес біз 0 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қараймыз, алайда бізге балалар көбіне 3 жастан бастап келеді", - деді ПМПК басшысы.

Кей жағдайда ата-аналарға тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралатын емханадағы неврапотолог баланы ПМПК-ға апаруға кеңес береді. Алайда ата-ана баласынан қандай да бір тежеліс байқаса, өз бетінше құжаттарды жинап, ПМПК диагностикасынан өтіп келе алады. 

ПМПК-да диагностика қалай өтеді?

Кеңес құрамында педагог-психолог, дефектолог, логопед, дәрігер-психиатр, неврапатолог, әлеуметтік педагог секілді мамандар болады. Мамандар баланың жас ерекшелігіне сәйкес, әрқайсысы өз әдістемесі бойынша балаға диагностика жасайды.

"ПМПК құрамындағы арнайы мамандар баланы 45 минут-1 сағат аралығында диагностикадан өткізіп, қажетті мекемеге қорытынды ұсынып, кеңес беріледі. Арнайы мамандардың психологиялық-педагогикалық қолдауы ұсынылады. Қажет болған жағдайда бала оңалту орталықтарына, арнайы интернаттарға, түзету мекемелеріне, мектептерге (оларды оқыту бағдарламасы айқындалады) жолданады", - дейді Альмира Айдарбекова.

ПМПК-ға қандай құжаттар апару керек?

Қажетті құжаттар тізімі:

  • Туу туралы куәліктің көшірмесі;
  • Ата-анасының куәлігінің көшірмесі;
  • Амбулаториялық картадан дәрігер-мамандардың қорытындылары бар баланың даму тарихының көшірмесі (027 форма). Сондай-ақ УДЗ, МРТ, ЭКГ нәтижесі болса, оларды да әкелуге болады;
  • ДКК қорытындысының көшірмесі (026);
  • Егер бала балабақша немесе мектепке баратын болса, сол жақтан мінездеме әкелу.

depositphotos.com

Кеңес беру мүшелері қажет деп санаса, тегін логопедке жолдама береді

Елді мекені тығыз орналасқан аймақта бала бір жыл ішінде 3 ай тегін қызмет ала алады, ал бала саны аз аймақтарда 5 ай тегін қызмет беріледі.

"Кеңес беру мүшелері диагностика нәтижесінде балаға логопедпен жұмыс керек деп шешсе, психологиялық-педагогтік түзеу кабинетіне (ППТК) жолдама береді. Бұл жақта логопед және басқа да қажетті мамандар қызметін 3 ай бойы тегін ала аласыз. Логопедтен басқа дефектолог, әлеуметтік педагог, ЛФК, психолог қызметтері ұсынылады. Сабақ 3 ай бойы түзеу кабинетінің өзінің оқу жоспарына сай жүргізіледі. Сабақтар жеке және топпен өткізілуі мүмкін. Елді мекеннің тығыздығына байланысты түзеу кабинеттерінде кезек болуы мүмкін", - деді маман.

Жалпы білім беру мекемелерінде және мектепке дейінгі мекемелерде (балабақша) арнайы мамандар балалармен түзету жұмыстарын жүргізу барысында бірінші ПМПК қорытындысына сүйенеді.

Логопедтің тегін қызметі бір рет қана беріле ме?

Логопедке 3 ай тегін барып, алайда балаға әлі де жұмыс керек деп санасаңыз, қайтадан ПМПК-ға бара аласыз.

"Біз қорытындыны әдетте бір жылға береміз. Себебі ата-ана қорытындымен ППТК-ға тіркеледі. Бала бір жыл ішінде мемлекеттік қызметті алуы тиіс. Ол кезекке тұрады. Одан соң кезегі келіп, 3 немесе 5 ай жұмыс істейді. Осылайша, шамамен 1 жыл өтеді. Содан бала қайтадан ПМПК-ға келеді. Егер тағы да мамандармен жұмыс қажет болса, біз қайтадан түзету кабинеттеріне жолдама бере аламыз.

Ал егер балада динамика байқалып, психологиялық-физиологиялық жағдайы қалыптыға жетсе, жағдайы қалыпты деп қорытынды береміз және оны базадан алып тастаймыз. Яғни бұл баланың болашағына ешқандай кедергі келтірмейді және алдағы уақытта еш жерден шықпайды", - дейді Жамбыл ауданының №4 облыстық ПМПК басшысы.

Альмира Айдарбекова бала тілінің шыққанын 5-6 жасқа дейін күтпеуге шақырды.

"Кей адамдар "атасы-апасы, әкесі немесе ағасы кеш сөйлеген, ештеңе етпейді, 5-6 жаста сөйлеп кетеді" деп жүре береді. Алайда бұл қате. 5-6 жасқа дейін күтіп жүре бермеңіздер. Егер бала 1 жастан аса ата-анасына қарап, қарапайым "ата, әже, әке, ана" деген сөздерді айтпаса, ал 3 жасқа таяғанда сөйлемдер құрай алмаса, дабыл қағу керек", - деп қорытындылады маман.

Еске салайық, логопед балалардың неліктен тілі кеш шығып жатқанын айтып, көпті толғандырған сұрақтарға жауап берген болатын.

Оқи отырыңыз: 2-3 жастағы бала не істей алуы керек? Қазақстандық логопед баланың дамуын бақылап тұруға кеңес берді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз